БҚО-да алты мектеп салынып жатыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында алты мектептің құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев мәлім еткендей, осы мақсатқа бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлінді.

Оның айтуынша, Казталов ауданындағы Казталов ауылында – ­600, Жұлдызда – 108, Сарықұдықта 60 орындық мектеп бой көтереді. Сондай-ақ Бәйтерек ауданындағы Жамбыл ауылында – 308, Щаповта – 420, Орал қаласында 300 орындық №18 мектеп ғимараты салынуда.

Сонымен қатар жеке компанияның қаражатына облыстың жеті ауданында 16 шағын жинақты мектеп құрылысы қолға алынды. Оған қоса жеке инвестициялар есебінен Орал қаласында №31 және №52 орта мектеп тұрғызылып жатыр.

«Осы орайда Казталов ауданындағы мектеп құрылысында үлкен артта қалушылық бар екендігін айтқым келеді. Жұлдыз ауылындағы мектеп бойынша мердігерге наразылық хат жолданды, егер ол жұмысты ұйымдастырмаса, сотқа талап-арыз дайындалады. Сарықұдық мектебі бойынша мердігер қолайлы ауа райы кезінде жұмысты қайта бастамақ. Бұл ғимаратты биылғы 1 қыркүйекке дейін салып бітіру көзделуде. Аудан орталығы Казталов ауылындағы мектеп құрылысы материалдардың қымбаттауына байланысты тоқтатылды. Жобаны түзеткеннен кейін жұмыстар қайта басталып, мұны жыл соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», - деді Ә.Антазиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 600 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін, Оралда мүгедектерді оңалту орталығы салынатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар