БҚО-да алыс ауданда үш ауыл ауыз сумен қамтылмақшы
Аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың айтуынша, қазіргі таңда аудан орталығы Сайқын ауылында су құбырын қайта құру құрылысы жүргізілуде. 2016 жылы 24 қарашада басталған құрылыстың жалпы құны - 372,381 млн астам теңге. Өткен жылы 37 млн, биыл 146,886 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Тартылатын су құбырының ұзындығы 47 км 840 метр болса, күні бүгін 40 км су құбыры үйлердің ауласына (937 ауланың 530-ына) дейін жеткізілді. Жетіспейтін 88,5 млн жуық теңге бөлінген кезде құрылыс толықтай аяқталмақшы.
Бөрлі ауылында биылғы 24 қазанда басталған су құбырын тарту жұмысы мәреге жетіп, 28 қазан күні іске қосылды. Мұның жалпы құны - 214,683 млн астам теңге. Жоба бойынша 22,8 км су құбыры толығымен тартылып, тұрғын үйлерге жеткізілді. Бөрлі аудан орталығынан 130 шақырым жерде орналасқан.
Бисен ауылдық округіне қарасты Көктерек елді мекеніне су құбырын тарту үшін 185,274 млн теңге бөлінді. Биылғы 24 наурызда басталған құрылыс мерзімі 7,4 ай болғанымен, бұл нысан қарашада пайдалануға берілмекші. 20,464 км су құбыры толық тартылды. Құрылыс біткен соң Көктерекке қоса Жамбыл елді мекені де ауыз сумен қамтылмақшы.
«Бұған қоса ауданымыздың тағы 7 елді мекеніне, Шоңай, Жәрмеңке, Тайғара, Әжен, Қарасу, Үштерек және Кеңой ауылдарына су құбырын тарту үшін инженерлік-геодезиялық, инженерлік-геологиялық барлау және ЖСҚ дайындау жұмыстары жүргізілуде. ЖСҚ дайындаудың жалпы құны 43,615 млн теңге болса, биылға 13,2 млн теңге қаралды. Осылайша, облыстағы алыс ауданды ауыз сумен қамту бағытында Елбасы тапсырмасына сәйкес өңір басшылығының қолдауымен бетбұрыс жасалып отыр», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Н.Рахымжанов.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында қазіргі кезде 65 мың адам тұратын 55 елді мекенді орталықтандырылған су көзіне қосу жұмыстары жүргізілуде.