БҚО-да әмбебап полицейлер іске кірісті
ОРАЛ. 1 қараша. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсырмасына, Үкіметтің 2013 жылғы 26 тамыздағы №855 қаулысына және Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қ.Қасымовтың бұйрығына сәйкес Батыс Қазақстан облысының ішкі істер департаментінде 1 қарашадан бастап әкімшілік және жол полициясы бөліністері біріктірілді.
Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жаңадан құрылған бөлініс «әмбебап полицей» деп аталады. Бүгін Орал қаласындағы Жеңіс алаңында әмбебап полицей гарнизоны сап түзеді. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен өз сөзінде Елбасының Үкіметке, жергілікті атқарушы билік органдарына және полицияға отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасының маңыздылығын айта келе, әмбебап полицейлерге «Тойота» шағын автобусы базасындағы «Автоураган» жаңа заманауи автомобиль кешенінің кілтін табыстады. БҚО ІІД бастығы Махамбет Абисатов полицияның басты міндеті құқық тәртібін қамтамасыз ету, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау екенін атап көрсетіп, полицейлерді халық алдындағы міндетін адал орындауға шақырды. Сап түзеу кезінде Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Қасымовтың бұйрығы жарияланып, ерекше көзге түскен полицейлерге кезекті арнайы атағы мен шендері табыс етілді. Жиналған жұртшылыққа заманауи бейнетіркегіштермен, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысын бақылау құралдарымен жабдықталған 20 жаңа «Шкода» автокөлігі, жол-патрульдік полициясының кеуде белгілері, шеврондары көрсетілді. Сонымен қатар «Автоураган» кешенінің көлік ағыны арасында құқық бұзғандарды, іздеуде жүрген автомашиналарды, айыппұлдар мен салық төлемей жүргендерді анықтау жөніндегі мүмкіндіктері түсіндірілді. Айта кету керек, қайтадан құрылған әкімшілік полицияның әрбір қызметкері заң бұзушылықтардың жолын кесуге, қоғамдық қауіпсіздік, отбасы тұрмысы, жол-көлік саласынан бастап криминалдық қылмыстарға дейінгі құқықтық мәселелерді реттеуге дайын болуы тиіс. Бұл ең алдымен жаңадан құрылған жол-патрульдік полициясының қала көшелерінде қызмет өткеретін батальонының қызметкерлеріне қатысты. Жол-патрульдік полициясының екінші батальоны қала сыртындағы автотрассаларда және «Шеп» жүйесінің стационарлық бекеттерінде қызмет атқарады, оларға да жүктелетін міндет бірдей, тек олар республикалық және жергілікті автожолдарда ғана жүзеге асыратын болады. Бұдан бұрын 1 тамыздан бастап Ішкі істер министрлігімен келісім бойынша Орал қаласы бойынша әмбебап полицей тәжірибелік взводы құрылып, жұмыс істеген еді. Екі айда 10 экипаж 700 шақыртуға барып, 3,5 мың әкімшілік құқықбұзушылықтың жолын кесіп, 1036 қоғамдық тәртіпті бұзушыны алдын ала есепке қойды, көшелерден 155 бұзақыны, 230 қаңғыбасты, 1,5 мың маскүнемді ұстады, көшедегі 28 қылмыстың (автомашинаны ұрлап айдап әкету, қарақшылық шабуылы, тонау, бұзақылық, ұрлық, зорлау) ізін суытпай ашты, берілген бағдарлар бойынша 63 автокөлік құралын, 27 мас күйдегі жүргізушіні, іздеуде жүрген 3 қылмыскерді, криминалдық қылмыс жасаған 30 адамды ұстап, олардан 59 пышақ, кастет тәркіледі, жолдардағы 34 көлік кептелісін реттеді.