БҚО-да аудан әкімдері есеп беруде

  ОРАЛ. 8 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында аудан әкімдері тұрғындармен кездесіп, есеп беруде.

БҚО-да аудан әкімдері есеп беруде

Қаратөбе ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшиннің биылғы жылғы аудан тұрғындарымен есептік кездесуі ауданның оңтүстігіндегі Саралжын және Аққозы ауылдық округтерінен басталды.

Тұрғындар алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин есептік кезеңде ауданда атқарылған ауқымды жұмыстарды баяндап, өткен жылғы есептік кездесуде округ тұрғындары сауалдарынан туындаған түйінді мәселелерге байланысты жұмыстардың орындалуына баса назар аударды. Алда тұрған маңызды міндеттерге тоқталып, ауыл шаруашылығы, шағын кәсіпкерлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, жұмыспен қамту, қоғамдық тәртіптің сақталуы, құрылыс жұмыстары, жастар саясаты, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы егжейлі-тегжейлі айтты. Сондай-ақ 2012 жылы табиғи газды Қалдығайты-Үшағаш-Соналы елді мекендеріне дейін жеткізу, Сырым-Қаратөбе бағытындағы тас жолды  түбегейлі бітіру үшін жұмыстану, денсаулық сақтау саласы қызметінің сапасын жақсарту, тұрғын үй санын көбейту, кәсіпкерлікті және жастар саясатын қолдау сияқты өзекті мәселерді өз деңгейінде жүргізу міндеті тұрғанын атап өтті.  

Аққозы ауылының әкімі Қоныс Мұқанов округтің тыныс-тіршілігі, ауылдың әлеуметтік -экономикалық жағдайы және алда тұрған міндеттер жөнінде баяндап берді. Ауыл әкімінің айтуынша, округте 31 адам қоғамдық жұмысқа тартылған. 2011 жылы округ бойынша 3 адам оқып мамандық алса, ал биылғы жылы наурыз айына қарай 10-12 ауыл тұрғынын жұмысқа орналастыру көзделген. Аққозы ауылдық округінде орта, негізгі мектептер,  кітапхана,  денсаулық сақтау орны және балабақша халыққа үздіксіз қызмет көрсетуде. Өткен жылмен салыстырғанда округте мал басы саны өскен. Әр адамға шаққанда мал басы 3 бас ірі қара, 10 бас қой-ешкі, 2 адамға бір жылқыдан келеді.

Округтегі көкейтесті мәселелер бойынша ауыл тұрғындары  аудан және ауыл әкіміне өз сауалдарын қойды. Қойылған сауалдардың дені әлеуметтік тұрмыс жағдайына  бағытталған.  Ауыл тұрғыны Сансызбай Келмұханов  серіктестік құру, округтік ардагерлер кеңесінің төрағасы Нағимолла Ақбасов ардагерлерге қамқоршы бола білген аудан әкімінің ізгілікті ісіне ризашылығын айтса, Қоржын мәдени-демалыс орталығының директоры Баян Шиғалиева  мәдениет саласында жасалған жұмыстарды әңгімелеп, ауылдық клубқа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ал ауыл тұрғыны, Аққозы орта  мектебінің мұғалімі Меңдеш Жұмалиева ұялы байланысты  пайдалану түбегейлі қамтамасыз етілсе  деген  өз ойларын ортаға салып, ауыл халқының 80 пайызы жаз айларында үйлеріне ауыз су тартып, бау-бақша салуға мүмкіндік алғанын, сол сияқты көптеген игі істердің жүзеге асуына ықпал етіп жүрген аудан  әкімі Наурызбай Қарағойшиннің, ауыл әкімі Қоныс Мұқановтың есептік кезеңде  жыл ішінде жасаған жұмыстарына оң бағаларын берді.

Осындай кездесулер барлық ауданда өтуде.