БҚО-да ауылдасына оқ атып, жарақат келтірген екі тұрғын сотталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қалалық сотында Тілеген Мейірханов пен Мейірбек Есеновке қатысты үкім шықты.

сотталды
Фото: pexels.com

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Т.Мейірханов ҚР ҚК 106-бабы 2-бөлігі 7-тармағы, 293-бабы 3-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылды. ҚР ҚК 58-бабы 3-бөлігі қолданылып, ол түпкілікті 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

М.Есеновке ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігіне сәйкес 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді. Осыған дейін үйқамақта болған М.Есенов сот залында қамауға алынды. 

Сот талқысында белгілі болғанындай, сотталушылар биылғы 14 қаңтарда Орал қаласына қарасты Круглоозерный ауылында жәбірленуші Кирилл Иртикеевті телефон арқылы көшеге шақырып алған. Олар қолдарына мылтық алып, алдын ала сөз байласып, атыс қаруын қолданған. Т.Мейірханов бұрын болған жанжал туралы айтып, жәбірленушіні тізерлетіп, қайта тұрғызған. Онымен тоқтамай, мылтықтың тұмсығын сүюге мәжбүрлеген. Ақыры оқ атып, жәбірленушінің оң қолы мен іш тұсына жарақат келтірген.

Сотталушылардан жәбірленушінің пайдасына 1 млн 272 мың теңге материалдық және 5 млн теңге көлемінде моральдық залал өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да екі тұрғын ауылдасына оқ атып, өлтірмек болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар