БҚО-да азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 177 кәсіпкер жауапқа тартылды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері азық-түлік бағасын заңсыз көтерген 177 кәсіпкерлік нысанына қатысты әкімшілік іс қозғалды.

БҚО-да азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 177 кәсіпкер жауапқа тартылды
Фото: Freepik

БҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың мәлім еткеніндей, аталған нысандарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін арттыру) 85 ескерту беріліп, 92 айыппұл салынды.

Эльмира Нұрқызының сөзіне қарағанда, департамент сатушылардың тауар бағасын көрсетпей өткізу, витринадағы баға мен кассадағы бағаның сәйкес келмеу деректері бойынша да әкімшілік іс қозғауға құқылы. Осыған байланысты кәсіпкерлік нысандарына қатысты аталмыш кодекстің 193-бабы 4 және 5-бөлігі (Қазақстан Республикасының сауда қызметiн реттеу туралы заңнамасын бұзу) бойынша 11 хаттама жасалды.

– Сондай-ақ екі базарға қатысты кодекстің 204-2-бабына (сауда нарықтарын ұйымдастыру бойынша ҚР заңнамасын бұзу) сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Оған қоса әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуға байланысты заңсыз сыйақы (204-3-бап) талап еткен тағы екі кәсіпкер жауапқа тартылды. Жыл басынан бері барлығы 192 кәсіпкерлік нысанына әкімшілік іс қозғалды, - деді Э.Қиматова.

Оның айтуынша, БҚО бойынша базарларды жаңарту жөніндегі жол картасына бастапқыда «Колос», «Мирлан», «Михаил», «Өнім» базары енгізілген еді. 2024 жылы бұған өзгеріс енгізіліп, тағы 10-ы енгізілді. 

Қазіргі кезде «Шебер», «Әйтиевте», «Землячка», «Ашық жол» және «1100 ұсақ-түйек» базарларында күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Әйтиевте» және «Ашық жол» базары желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Қалған үшеуінің құрылысы 2026 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. 

Департамент басшысының мәлімдеуінше, «Михаил» базары жөнделгеннен кейін көшеде сауда жасайтын 47 жалға алушы жыл соңына дейін ғимарат ішіне көшіріледі. Ал «Мерей» базары меншік иесінің сауда нысанын сатуына байланысты 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жабылады.

– «Мирлан», «Колос», «Алтын Алма», «Бақыт жол» сияқты базарларда жаңғырту жұмыстары контейнерлерді, ашық аспан астындағы сауда қатарларын бөлшектеу арқылы жүзеге асырылады. «Айгүл» және «Өнім» базарында жұмыстар кестеден кешіктірілуде. «Тұлпар» экономикалық тиімсіздігіне байланысты жаңғырту жүргізуден бас тартып отыр, - деп қосты Э.Қиматова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласындағы дүкендерде тұз тапшылығы туындағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар