БҚО-да балалардың 83,2 пайызы жазғы демалыспен қамтылмақ

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, биылғы жазғы демалысты ұйымдастыру үшін облыс әкімдігі алдын ала арнайы қаулы қабылдап, іс-шаралар жоспарын бекітті.
Биыл стационарлық лагерьлер саны (19) бұрынғы деңгейде қалды, дегенмен «Еуразия» туристік-сауықтыру кешені 80 орынға кеңейтілді. Аталмыш стационарлық лагерьлерде балалардың 9,2 пайызы тынықпақ. Өңірде барлығы 353 мектеп жанындағы лагерь және тамақсыз 175 профильді алаң жұмыс жасайтын болады. Мектеп жанындағы лагерьлерде оқушылардың 56,9 пайызы демалмақшы. Жаздың екінші кезеңінде 5 мыңдай баланы қамтитын 27 шатырлы лагерь өз есіктерін айқара ашпақ.
Шілде айының алғашқы жартысында әлеуметтік көмекті қажет ететін және оқуда, өнер мен спортта жоғары табыстарға қол жеткізген 40 шәкірт Италияға аттанады. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың 96,6 пайызы, мүмкіндігі шектеулілердің 75,3 пайызы, аз қамтылған отбасылардан шыққандардың 92,6 пайызы, көп балалы отбасылар жеткіншектерінің 87,6 пайызы демалыспен қамтылмақ. 35 мыңнан астам оқушылар (42,8 пайыз) жазғы еңбек түрлеріне тартылады. Атап айтқанда, жоғары сынып оқушыларынан құрылған 70 еңбек жасағы, 3 еңбек және демалыс лагері, абаттандыру жөніндегі 386 бригада, 2 мектеп орманшылығы, 17 аула клубы, мақсат-мүдделеріне қарай 160-тан астам клубтар жұмыс жасамақ. Зеленовтан басқа аудандардан 324 оқушы Астанаға, тағы 168-і республиканың өзге тарихи орындарына жол тартып, саяхаттап қайтпақшы.