БҚО-да баласы түнгі уақытта жүргені үшін 2 300-ге жуық ата-ана жауапқа тартылды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері кәмелеке толмағандар тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар бойынша 2 900 әкімшілік хаттама толтырылды.

БҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ернар Сұлтанғалиевтің мәлім еткеніндей, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша (кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғынжайдан тыс жерлерде заңды өкілдерінсіз жүруі) 2 275 ата-ана жауапкершілікке тартылды.
Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар аталған кодекстің 127-бабы (балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша 370 ата-ана әкімшілік жазаға ілікті.
- Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде девиантты мінез-құлық көрсеткен 168 жасөспірім, 146 қолайсыз отбасы тіркелген, бұл отбасыларда 261 бала тәрбиеленіп жатыр. Осы кезге дейін кәмелетке толмағандар 37 қылмысқа барған. Ал олардың өздеріне қатысты 90 құқық бұзушылық жасалды. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша 91 жасөспірім кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның қарауына жіберілді. 2 бала арнайы білім беру мекемесіне орналастырылды, - деді Е.Сұлтанғалиев.
Департамент бастығы орынбасарының айтуынша, облыс жолдарында балаларға қатысты 96 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, 4 жасөспірім қайтыс болып, 114-і түрлі дене жарақатын алды.
- 40 жол апатында балалар жаяу жүргінші ретінде зардап шексе, 45-інде көлікте отырған. Бесеуінде самокат, үшеуінде велосипед, тағы үшеуінде автокөлік немесе мотоцикл тізгіндеп, жол-көлік оқиғасына тап болған. Жазғы уақытта жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол бермеу, олардың құқықтарына қайшы әрекеттерді болдырмау, сондай-ақ балалар лагерьлері мен демалыс орындарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді, - деді Е.Сұлтанғалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жаз кезінде 620-ға жуық лагерь жұмыс істейтінін жазған болатынбыз.