БҚО-да бас бостандығынан айырылғандар саны 24 пайызға көбейіп отыр

Облыстық соттың баспасөз хатшысы Амангелді Шахиннің хабарлағанындай, отырыс салтанатты рәсіммен басталды. Елбасының Жарлығымен жаңадан қызметке тағайындалған судьялар Сабыржан Есжанов, Міржан Қадырбаев, Алтынай Дәулетова, Сәкен Құдайбергенов, Нұргүл Танкиева салтанатты түрде ант қабылдады.
Мұнан кейін тоғыз айлықтағы сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы жөнінде облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Бақытбек Бегалиев пен қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Мейрамбек Нағашыбаев, кассациялық сот алқасының жұмысы туралы судья Валентина Булавцевалар хабарлама жасады.
Өткен тоғыз айда азаматтық істер саны өсе түскен. Облыс соттарына 19 761 арыз бен 329 азаматтық іс түсіп, 16 817 арыз бойынша іс өндірісі қозғалған. Сырттай қабылданған шешімдер, бұйрық өндірісі де өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда көбейіп отыр.
Азаматтық алқа төрағасы өз сөзінде аудандық соттарда қаралмай тасталған талап арыздардың және өндірісі тоқтатыла тұрған істердің саны өсіп кеткеніне назар аударды. Жыл аяғына дейін жағдайдың әлі өзгеретініне қарамастан, бұл бағыттағы жұмысты жандандыра түсудің қажеттілігін атап көрсетті.
Өткен тоғыз айда облыс соттарында 1288 тұлғаға қатысты 1166 қылмыстық іс қаралған. Соның ішінде 822 адамға қатысты 651 іс бойынша үкім шығарылып, 805 тұлға сотталған. 17 адамға қатысты ақтау үкімі шығарылған. Бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда қаралған қылмыстық істердің 10,8 пайызға, тұлғаларға шаққанда 14,1 пайызға артқандығын көрсетеді. Ал бас бостандығынан айырылғандар саны 24 пайызға көбейіп отыр.
Есепті мерзімде кассациялық сот алқасына қылмыстық істер бойынша 202, азаматтық істер бойынша 366 кассациялық шағым түсіп, қылмыстық істер саны өсіп, азаматтық істер азайып отыр. Өткен жылы осындай мерзімде облыстық соттың кассациялық алқасына азаматтық істер бойынша 578, қылмыстық істер бойынша 51 шағым түскен еді. Кассациялық шағымдардың мұндай арасалмағы қылмыстық және азаматтық заңнамалардағы өзгерістерге қарай қалыптасып отыр. Орташа жүктеме кассациялық алқаның әр судьясына шаққанда айына 10 істен келіп тұр.