БҚО-да басшы әйелдер саны артып келеді
ОРАЛ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының халқы 618 мыңнан асса, соның тең жартысынан астамы - әйелдер. Бүгінгі таңда өңірде басшы әйелдер саны артып келеді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалық етуімен өткен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында мәлім етілді.
Облыс әкімінің орынбасары атап өткеніндей, күні бүгін әйелдердің билікте де, бизнесте де өз орны бар. Енді алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру үшін жасалған жұмыстарды одан әрі жандандыру керек.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Айгүл Есекенованың айтуынша, «Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру, әйелдердің құқығы мен бостандығын қорғау және отбасы құндылықтарын насихаттау арқылы азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру» атты байқауына өткен жылы 4,5 млн. теңге бөлініп, әр түрлі бағыттағы жобалар жүзеге асырылды. Қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу тақырыбында «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен аудандарда өткен семинарлар көпшілік көңілінен шықты.
БҚО ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мүсілім Жәрдемовтің айтуынша, әйелдер тарапынан 3462 арыз-шағым түскен. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында 12 қылмысты жағдай орын алған.
Отырыста қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан ашылған «Орал қалалық әйелдерді әлеуметтік психологиялық бейімдеу орталығы» мемлекеттік мекемесінің (дағдарыс орталығы) жасап жатқан өзекті жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.
Жиында биылғы жыл жоспары талқыланып, бекітілді.