БҚО-да басшы өзіне-өзі заңсыз алған сыйақысын мемлекетке қайтарды
ОРАЛ. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жәнібек ауданы прокуратурасы «Жәнібек ауданының психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» МҚК басшысының 68 мың теңге сыйақыны заңсыз алғанын анықтады.
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол биылғы 7 қазанда өзіне 68 мың теңге сыйақы тағайындау және төлеу жөнінде бұйрық шығарған. Алайда бұл кезде оның әлі алынбаған тәртіптік жазасы болған. Мұндай жағдайда ешкімге сыйақы берілмейтіні белгілі.
Аудан прокуратурасының наразылығы негізінде заңсыз бұйрықтың күші жойылып, 68 мың теңге мемлекетке қайтарылды.