БҚО-да байланыс операторларына салынған айыппұл көлемі 30 млн теңгеге жетті
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы алты айда өңіраралық байланыс инспекциясы байланыс операторлары қызметінің сапа көрсеткіштеріне сәйкестігін анықтау мақсатында жоспардан тыс 14 тексеру жүргізді.
БҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашевтің өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, тексеру нәтижесінде байланыс операторларына 30 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Нұрғиса Мәлікұлының сөзіне қарағанда, соның ішінде Билайн – 17 млн теңге, Кселл – 9,7 млн, Теле 2/Altel 3,3 млн теңге айыппұл төледі.
Өңірде 405 ауылдың 372-сінде немесе 92 пайызында тұрғындар интернет желісін пайдаланады. Ал 376 елді мекен немесе 93 пайызы дыбыстық қоңыраулар үшін ұялы байланыспен қамтамасыз етілген.
Жыл басынан бері Билайн және Кселл байланыс операторларымен төрт ауылға жаңа базалық станциялар орнатылды.
- Интернетке кең жолақты қолжетімділікті ұйымдастыру мақсатында «Қазақтелеком» АҚ 2026 жылы 9 аудан орталығында қосымша 246 км оптикалық желі және 8368 порт салуды жоспарлаған болатын. Бұл елді мекендерде мыс желіде отырған 1 718 қолданыстағы абонентті оптикалық желіге көшіру көзделген. Сондай-ақ «Тазарту» жобасы бойынша 6 мың абонентті (Орал қаласында – 3 мың, ауылдарда – 3 мың) мыс желіден оптикалық желіге көшіру ойластырылуда. Алты айдың қорытындысы бойынша Орал қаласында 103, ауылдарда 206 ағаш тіректер темір-бетон тіректеріне ауыстырылды, - дейді Н.Қамашев.
Оның айтуынша, «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін 220 елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жоспарланған. Қазірдің өзінде 24 ауылға «Қазақтелеком» АҚ «Транстелеком» АҚ-мен бірлесіп «Starlink» спутниктік терминалдарын орнатты. Сондай-ақ «Jusan Mobile» АҚ 2026 жылы халық саны 20-дан төмен 8 ауылға OneWeb спутниктік технологиясының станциясын іске қосты.
Ұлттық жоба аясында Кселл байланыс операторымен Орал қаласында 5G стандартында 90 базалық станциясы бой көтерді.
- Республикалық автокөлік жолдарын мобильді кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету іс-шарасы аясында облыста 7 антенна-діңгек құрылғысы салынбақшы. Антенналардың жер телімдеріне қатысты құжаттары рәсімделіп, жобалық-сметалық құжаттамаларына мемлекеттік және жеке сараптамалардың оң қорытындылары алынды. Бүгінгі таңда ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Транстелеком» АҚ арасындағы инвестициялық келісімге сәйкес барлық антенна-діңгек құрылғыларының жобалық-смета құжаттамалары «Активтерді басқарудың цифрлық платформасы. Мемлекеттік мүлік тізілімі» (E-QAZYNA) порталында аукцион арқылы сатылды. 2026 жылы құрылыс жұмыстарын бастау көзделуде, - деп қосты басқарма басшысы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ұялы байланыс операторларына 25 млн астам теңге айыппұл салынғанын жазған едік.