БҚО-да бір жылда жұмыспен қамту мақсатына 489,9 млн. теңге бөлінді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 2015 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының «Инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бірінші бағыты бойынша 489,9 млн. теңге бөлінді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, осы қаржыға жұмыспен қамту орталықтары арқылы 171 адам, инфрақұрылымдық жобалар бойынша 318 адам еңбек орындарын тапты.
Аталмыш бағдарламаның «Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру және тірек ауылдарын кешенді дамыту» екінші бағыты бойынша 11,8 млн. теңгеге 250 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. 465,7 млн. теңге шағын несие қаралып, оған 231 адам қол жеткізді. Соның ішінде 98-і өз кәсібін кеңейтуге, 133-і жаңадан ашуға мүмкіндік алды. Шағын несие алушылар қосымша 186 жұмыс орнын ашты.
Бағдарламаның «Оқыту арқылы еңбекке орналастыруға ықпал ету және жұмыс берушінің тұтынымы аясында көшіру» үшінші бағытына сәйкес кадрларды кәсіби даярлауға, қайта оқытуға және біліктілігін көтеруге 66,6 млн. теңге жұмсалып, 272 адам білімін толықтырды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 698, жастар тәжірибесіне 818 адам жіберілді.
Еске сала кетейік, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы биыл да жалғасын табатын болады.