БҚО-да бүйрек синдромды геморрагиялық қызба ауруына шалдыққандар саны көбейді

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 12 адамның бүйрек синдромды геморрагиялық қызба ауруына шалдыққаны анықталды.  

аурухана
Фото: Kazinform

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, өткен жылы бес айда өңірде бұл дерт тіркелмеген еді. 

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, биыл соның екі дерегі Бәйтерек, жетеуі Бөрлі ауданында, үшеуі Орал қаласында тіркелді. 

– Бұл ауру тышқан тәрізді кеміргіштерден жұғады. Онымен сырқаттанғандар жұқпалы аурулар ауруханасында бүйрек және басқа дене мүшелерін емдетеді. Бірақ адамдардың бір-біріне жұқпайды, - дейді департамент басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, адамдар негізінен бұл дертпен қазан, қараша, желтоқсан айларында ауырады. Мысалы, өткен жылы күз-қыс айларында 27 дерек тіркелді. Ал 2023 жылы тек үш адам ғана сырқаттанған еді. Бұл өңірде тұрғындардың бүйрек синдромды геморрагиялық қызба ауруына шалдығу көрсеткішінің өсіп келе жатқанын көрсетеді. 

Маман аталмыш аурудың алдын алу үшін кеміргіштер болуы мүмкін жерлерде сақтық шараларын ұмытпау керектігін еске салды.

Айта кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауру тарататын тышқан тәрізді кеміргіштер саны 10 есе өскенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар