БҚО-да дәрі-дәрмекпен қамтуда заңбұзушылыққа жол берген 8 қызметкер жауапқа тартылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Сырым ауданының прокуратурасы тегін медициналық көмек саласында заңбұзушылықтарға жол берілгенін анықтады.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрілік заттармен қамтамасыз ету бойынша аудандық аурухананың қызметі тексерілген.
Конституцияның 29-бабына сәйкес республика азаматтары заңда белгіленген медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін тегін алуға құқылы.
Алайда тексеру барысында дәрілік заттардың қажетті мөлшерін есептеу алгоритмінің болмауы, препараттарды жүйесіз жазу, мерзімі өткен бұйымдардың болуы, сондай-ақ адамдарды қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етпеу деректері анықталды.
Мысалы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 20 тамыздағы ведомстволық бұйрығының талаптары бұзылып, ауданда есепте тұрмайтын 101 пациент дәрі-дәрмекпен негізсіз қамтылған.
Сондай-ақ рецептілер үш айдан астам мерзімге жазылған, бұл Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген рецептілерді жазу, есепке алу және сақтау ережесін бұзу болып есептеледі. Айталық, бір емделушіге метапреднилон дәрісі бір жылға тағайындалған.
Дәрілік заттардың қажетті мөлшерін есептеу бойынша нақты алгоритмнің жоқтығына және пациенттердің нақты қажеттіліктерінің назарға алынбауына байланысты 2024 жылы 1 800 дана мөлшерінде кетотифен дәрілік препаратының қалдықтары қалып қойған.
Сол секілді аурухана өткен жылы ревматоидты артрит және ойық жаралы колит диагнозымен есепте тұрған 37 науқасты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қамтамасыз ету үшін голимумаб препаратына өтінім бермеген.
Бұдан басқа тексеру барысында стоматологиялық кабинетте жарамдылық мерзімі өткен медициналық бұйым, ал операциялық кабинетте сәйкестік сертификаты жоқ бұйым табылды.
- Аудан прокуратурасымен аталған бұзушылықтарға жол бергені үшін аурухананың 4 лауазымды қызметкері, соның ішінде басшысы 600 мың теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы 4 қызметкер тәртіптік жаза алды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да балаларды тамақтандыру бойынша 37 млн теңге тұратын 12 конкурстың күші жойылғанын жазған болатынбыз.