БҚО-да денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 3,3 есеге өсті

Медицина қызметкерлерін облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен және Жаңа жылмен құттықтап, алдағы уақытта да Елбасы тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау саласын дамыту ісіне өз үлестерін қоса беретіндіктеріне сенім білдірді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің айтуынша, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі мерзімде өңірде 102 денсаулық сақтау нысаны салынып, травматология, кардиохирургия, офтальмология және басқа салалар бойынша 100-ден астам жоғары сапалы медициналық көмек түрі енгізілді. Тәуелсіздік жылдары адам өмірінің ұзақтығы 6,9 жылға көбейіп, 1991 жылғы 64,8-ден 2015 жылдың қорытындысы бойынша орташа 71,7 жасқа жетті. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2020 жылға қарай адам өмірінің ұзақтығын 73-ке жеткізу көзделуде.
Облыстың денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2005 жылғы 6,6 млрд. теңгеден 2015 жылғы 22,1 млрд. теңгеге дейін, яғни 3,3 есеге өсті.
Көліктік және қашықтықтан емдеу медицинасы дамып келеді. Жылжымалы жедел кешендер мен қондырғылардың көмегімен жыл сайын 200 елді мекенде 35 мыңнан астам адам медициналық көмек алуда. 9 медициналық орталықта жоғары білікті мамандар жыл сайын 1500-ден астам қашықтықтан кеңес береді. Дәрігер жетіспеушілігі 2007 жылғы 400-ден 2016 жылғы 40 маманға дейін, яғни он есе төмендеді. Облысқа соңғы бес жылда 400-ден астам жас маман тартылды. Қазіргі таңда дәрігерлер саны 1477-ге жетті. Жыл сайын ел ішінде 500-ге жуық дәрігер, 2500-дей орта буын қызметкері өз біліктілігін арттырады. 2011 жылдан бері 52 дәрігер шетелде оқыса, соның 27-сі «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім-білігін көтерді.
Өңірде денсаулық салау ісінің озық қызметкерлері аз емес. Бұдан бұрын Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай облыстық аурухананың бөлімше меңгерушісі Асылбек Бахаев «Шапағат» медалімен марапатталса, бұл жолы бірқатар қызметкерлерге «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі табыс етілді. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Күнсұлу Ниярова, қалалық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Елена Грищенко, облыстық перинаталдық орталық директорының орынбасары Есет Ералин «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», №5 қалалық емхана директоры Сәуле Бұлқашева, облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Тайман Аманов «Денсаулық сақтау ісін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Тағы бір топ қызметкерге облыс әкімінің алғысхаттары, министрліктің құрмет грамоталары тапсырылды.