БҚО-да «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асыру барысында көптеген заңбұзушылықтар орын алған
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасының 2014 жылы және биылғы жыл басынан бергі кезеңдегі жүзеге асырылу барысын тексеру барысында көптеген заңбұзушылықтардың беті ашылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің қатысуымен өткен БҚО прокуратурасының кеңейтілген алқа отырысында айтылды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Елбасы бастамасымен қолға алынған аталмыш бағдарлама аясында осы кезеңде өңірде 870 маманға 116 млн. теңге көтерме жәрдемақы, оған қоса 551-іне тұрғын үй сатып алу үшін 1,4 млрд. теңге бюджеттік несие берілген.
Тексеріс кезінде әлеуметтік қолдауға ділгер үміткерлер құқықтарының аяққа басылғаны, мамандардың жасалған келісім талаптарын орындамағаны, лауазымды тұлғалардың бюджет қаражатын қайтару және басқа тиісті шараларды алмағаны анықталды. Атап айтқанда, Қаратөбе ауданы экономика және қаржы бөлімінде 20 жас маманның 2014 жылы берілген арызы тіркелмей, қаралмай қалған. Сол секілді Зеленов ауданы экономика және қаржы бөлімінде 3 маманға заңда қарастырылмаған құжаттарды тапсырмағанын желеу етіп, көтерме жәрдемақыны төлеуден негізсіз бас тартылған. Керісінше кейбір мамандарға бюджеттік несиелер негізсіз берілген. Бір ғана Ақжайық ауданында 10 маман осындай жолмен 28,4 млн. теңге бюджеттік несиеге тұрғын үй сатып алған.
Барлық ауданда дерлік мамандарға қойылатын сол елді мекенде үш жылдан кем емес жұмыс жасау талабының орындалмағаны, жергілікті атқарушы органдардың төленген қаражаттарды қайтару бағытында шаралар алмағандығы белгілі болды. Ең бастысы, ауылға бет бұрған жас мамандарды ынталандыруға бағытталған қаржы негізсіз және тиімсіз жұмсалған.
Осындай жағдайда бірқатар аудандарда бөлінген қаражаттың жетіспеуінен кейбір мамандар әлеуметтік көмек-қолдауға қол жеткізе алмай отыр.
Алқа отырысында аудан әкімдіктерінің орын алған заңбұзушылықтарды жою бағытында нақты шаралар алуы қажеттігі атап өтілді.