БҚО-да «Дипломмен - ауылға» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда
АЛ. 26 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-да «Дипломмен - ауылға» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда.
Жұмыс сәтті жүріп жатырған аудандардың бірі - Ақжайық. Мұнда 2009 жылы ауылдық жерлерге жұмыс істеу және тұру үшін келген 58 әлеуметтік сала мамандарына қолдау көрсету үшін 5311,0 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төлеу бөлінген болатын. Ол әр маманға 90720 теңгеден келді. Білім саласынан 43, мәдениеттен 3, спорттан 1 маманға қолдау көрсетілді. 2010 жылы осындай әлеуметтік сала мамандарына тұрғын үй алу үшін 35608,0 мың теңге бюджеттік несие төлеу қарастырылды. Барлығы 24 маманға 20216,2 мың теңге көлемінде бюджеттік несие беріліп, тұрғын үй сатып алынды. Ал 2011 жылға 53 маманға 5539,0 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төлеу жоспарланып, барлығы 20 қазанға дейін 51 маманға 5421,0 мың теңге жәрдемақы берілді. Денсаулық саласы бойынша 13, білімнен 34, мәдениеттен 3 маманға қамқорлық көрсетілді.
Ауылдарға келген жас мамандар қазір жұмыс жасап жатыр. Оларды демеу бұдан былай да жалғасатын болады.