БҚО-да екі күнде бес адам суға кетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында мамыр айында 6 адам суға кетсе, соның төртеуі балалар болып отыр.

БҚО-да екі күнде бес адам суға кетті

БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Марс Отаровтың айтуынша, биылғы 23 мамыр күні сағат 18.15-те Теректі ауданы Покатилов ауылында Барбастау өзеніне аяғын суламақшы болған 2003 жылғы екі қыз құлап кетіп, судан шыға алмай қалған. Мектепте оқитын қос құрбы сыныптастарымен табиғат аясында демалған. Осы күні сағат 18.19-да Орал қаласына қарасты Круглоозерный кентінде Көшім каналына суға түсуге болмайтын жерде 2006 жылғы ер бала батып кетті. Оқушы баланың денесі сағат 19.45-те судан шығарылды.

Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылы тұсында 22 мамыр күні түскі сағат 13.10-да Бөкей ордасы ауданының 1995 жылғы тұрғыны Бударин арнасына белгісіз жағдайда батып кетті. Сол күні сағат 20.25-те Орал қаласында 1972 жылғы М. деген ер адам белгісіз жағдайда суға түсуге болмайтын жерден Деркөл өзеніне түсіп, «тілсіз жаудың» құрбаны болды. Бұлардың да денелері судан шығарылды. Айта кетейік, соңғы 12 жылда өңірде 363 адам суға кетсе, соның 76-сы - балалар. Тексеру көрсеткеніндей, адамдар негізінен суға түсуге болмайтын жерде осындай қайғылы жағдайға ұшыраған.