БҚО-да экологиялық заңнаманы бұзғандардан бюджетке 2 млрд теңге өндірілді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 2,5 млрд теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына тосқауыл қойылды. Бұл туралы БҚО прокуратурасының бірінші жартыжылдықтағы жұмысты қорытындылаған жиынында айтылды.

Қаржы
Фото: Kazinform

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, табиғатты қорғау прокуратурасының қадағалау актісі бойынша экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жергілікті бюджетке 2 млрд теңге айыппұл өндірілді.

Сондай-ақ пайдаланылмаған жерлерді қайтару бойынша жұмыс жалғасуда. Жалпы ауданы 90 мың га болатын 300-ден астам жер учаскесі анықталды. Соның ішінде құны 1,2 млрд теңге болатын аумағы 12 мың га 85 учаске мемлекетке қайтарылды.

Бизнесті қорғау бағытында қабылданған шаралармен 1 148 кәсіпкердің құқығы қорғалып, инвесторлардың 20 мәселесі оң шешімін тапты. Атап айтқанда, прокуратураның наразылығымен «Конденсат» АҚ-ға қатысты заңсыз әкімшілік хаттаманың күші жойылды, инвестор 432,5 мың теңге айыппұлдан босатылды. Кінәлі лауазымды қызметкер жауапкершілікке тартылды.

Прокурорлық тексеру нәтижесінде Казталов аудандық ветеринариялық станциясы бас бухгалтерінің 105,5 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны белгілі болды. Сот үкімімен ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 

- Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 5 577 азаматтың конституциялық құқығы қорғалады. Соның ішінде 2 983 жұмысшының құқығы қалпына келтірілді. Олардың 118 жұмыс беруші тарапынан еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырылуы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар прокурорлық қадағалау шаралары бойынша мемлекет пайдасына 382 млн теңге өндірілді, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жұмысқа орналастырылған адамдарға 5 млн-ға жуық теңгенің негізсіз төленгенін жазған едік.