БҚО-да есірткіге қатысты 140-қа жуық құқық бұзу тіркелді
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы сегіз айда 136 есірткі құқық бұзушылығы анықталды.
БҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бағдат Түгеловтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның 68-і — қылмыс, 69-ы — қылмыстық теріс қылық.
Бағдат Аманжолұлының сөзіне қарағанда, 68 есірткі қылмысының 43-і сату, 22-сі есірткі өсімдіктерін өсіруге қатысты.
— Заңсыз айналымнан 260 кг 939 грамм есірткі заттары тәркіленді. Соның ішінде каннабис өсімдігі — 17 кг 043 грамм, марихуана — 239 кг 581 грамм, синтетикалық есірткілер — 4 кг 288 грамм. Биыл құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіруге арналған 10 фитозертхана әшкереленді, — дейді Бағдат Түгелов.
Оның айтуынша, Орал қаласында қарасора өсіруге арнайы жабдықталған үй-жайлар анықталып, олардың қызметі тоқтатылды.
Нәтижесінде 30-дан астам қарасора түбі, өсімдік тектес заттар және арнайы жабдықтар (жарықтандыру құрылғылары, желдеткіштер) тәркіленді. Оның ішінде фитозертханалардың бірін жою барысында 16 килодан астам каннабис шықты. Сондай-ақ тағы бір жағдайда қосымша 14 млн 240 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражат пен буып-түйілген есірткі заты табылды.
Сол секілді сәуір айында жедел іс-шаралар нәтижесінде Ақтау қаласында еліміздің оңтүстік өңірлерінен батыс облыстарға есірткі жеткізу арнасының жолы кесілді. Аталған операция барысында заңсыз айналымнан 35 килодан астам есірткі құралдары алынды.
Сондай-ақ 2026 жылдың екінші тоқсанында Орал қаласының аумағында Telegram мессенджерінде жұмыс істеген интернет-дүкенінің қоймашысы қызметін атқарған 6 адам ұсталды. Тәркіленген синтетикалық есірткі құралдарының жалпы салмағы 4 килодан асты. Қоймашы (складмен) қылмыстық схемадағы негізгі буын болып есептеледі. Олар интернет-дүкенді ұйымдастырушылар мен есірткіні тікелей таратушылар (жасырын салушы) арасындағы аралық байланысты жүзеге асырады. Оның қызметіне есірткінің ірі партияларын қабылдау, сақтау және кейіннен өткізу үшін оларды үлестіру арқылы заңсыз есірткі бизнесінің логистикасын қамтамасыз ету кіреді.
— Есірткі құқық бұзушылықтарын жасағаны үшін 75 адам ұсталды. Оның ішінде синтетикалық есірткі құралдарын таратқаны үшін 10 жасырын салушы ұсталды. Медициналық емес мақсатта есірткі қолданғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабына сәйкес 297 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері есірткі және оның жарнамаларын тарату бойынша 1 242 есірткі сайты бұғатталды. Сонымен қатар 1 671 жеке тұлғаның банктік есепшоттарына шектеу қойылды. 6 млн 060 мың теңгеге сотпен тыйым салынды, — деп қосты Бағдат Түгелов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 1 млрд теңгелік есірткі схемасы әшкереленіп, 11 күдікті анықталғанын жазған едік.