БҚО-да ит қапқан 760-қа жуық адам медициналық көмекке жүгінді
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында антирабиялық көмекке жүгінушілер саны көбейіп отыр.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткендей, биылғы бес айда жануарлардан зардап шеккен 1 067 адам медициналық көмек алған, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден (1 046) 21-ге көп.
Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, соның ішінде 371-і немесе 34,8 пайызы (2024 жылы бес айда – 335) – балалар.
Медициналық көмекке жүгінгендердің ең жоғары көрсеткіші Жәнібек ауданы (191,5 пайыз) мен Орал қаласында (203,7 пайыз) байқалады.
– Жарақат алғандардың 757-сін немесе 70,9 пайызын ит қапқан. 25,4 пайызын мысық тістеген немесе тырнаған. Қалғаны басқа жануарлардың үлесінде, - деді Н.Мұстаев.
Оның айтуынша, кез келген жануар тістеген жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажет. Кейінгі жылдары құтыру дерегі тіркелмегенімен, жануарлардан зардап шеккен адамдардың көбеюі алаңдатады.
– Құтыруға қарсы вакцинация – қауіпті аурудың алдын алудың жалғыз әдісі. Тістеген кезде алдымен жараны 20 пайыз су-сабынды ерітіндімен жуып, айналасын 70 пайызды спиртпен немесе 5 пайызды иод ерітіндісімен өңдеу керек. Таяу маңдағы ауруханаға барып, травматолог және хирург тағайындаған вакцинация курсын толық алу қажет. Барлығы 5 вакцинация адам өмірін сақтап қалады, - деді департамент басшысының орынбасары.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұмауға шалдыққандар саны 8,9 есеге өскенін жазған болатынбыз.