БҚО-да кәріз-сорғы стансасы іске қосылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі Президент тапсырмалары жүйелі орындалып келеді.
Кейінгі 3 жылда су бұру жүйесінің үздіксіз қызметін ұйымдастыру мақсатында нақты істер атқарылды. Мәселен, бүгін 150 мың тұтынушыны қамтитын № 18А кәріз-сорғы стансасы қайта жаңғыртудан соң іске қосылды. Салтанатты рәсімге аймақ басшысы Нариман Төреғалиев қатысты.
2023 жылы жасақталған жол картасына сәйкес Орал қаласында негізгі жүктемені көтеретін 8 ірі стансаны жөндеу жоспарланса, соның алтауы жаңғыртылды. № 1 және № 29 кәріз-сорғы стансаларын жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Аталған 8 жобаға бюджеттен 12,3 млрд теңге қаржы қарастырылды. Нәтижесінде кәріз жүйесінің тозу деңгейі 63 пайыздан 55 пайызға түседі. 366 мыңнан астам тұтынушы тұрақты су бұру қызметімен қамтылады.
Облыс әкімі жаңа нысанның әлеуеті және жұмысшыларға жасалған жағдаймен танысты. Нариман Төреғалиев қуаты төмен, кіші сорғы стансалары да кезең-кезеңімен жөнделетінін жеткізді.