БҚО-да кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсетілуде
АЛ. 11 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Облыстық кәсіпкерлер қауымдастығы өңірдегі экономиканың басым секторында қызмет атқаратын шағын кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсету жөніндегі жобаны жүзеге асыруға кірісті.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған бұл шара ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде басталды. Аталмыш жобаның мақсаты - кәсіпкерлерге өз қызметінің тиімділігін арттыруға жағдай жасау, сөйтіп кәсіпорынды басқару жүйесін жетілдіруге сервистік қолдау көрсету. Яғни Орал қаласындағы және аудандардағы шағын кәсіп иелеріне қауымдастық өкілдері бухгалтерлік, салық есептерін жүргізу және есептілікті құрастыру мен заңгерлік кеңестер беру бойынша тегін қызмет көрсетеді. «Жобаны сәтті жүзеге асыру үшін барлық аудан әкімдерімен өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойдық, - дейді облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Миржан Сатқанов - Әр аудан орталығында өкілдіктерімізді аштық. Оған басқарушылық қызметте тәжірибесі бар, сол аймақтың экономикасымен жақсы таныс жандар жетекшілік етуде. Өкілдік құрамында сондай-ақ білікті бухгалтер мен заңгерлер бар. Олар үшін арнайы нормативтік-әдістемелік материалдар кешені дайындалып, семинарлар өткізілді. Жергілікті атқарушы билік органдарымен, «Нұр Отан» ХДП филиалдарымен, ауыл әкімдерімен, кәсіпкерлермен бірігіп қолға алған жұмыстарымыз өз жемісін береді деп ойлаймын».
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы Галина Варфоломееваның айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша биыл облысқа 1,5 млрд. теңге бөлінген. Оның 932 млн. теңгесі жеке кәсіпкерлік үшін. Яғни кәсіпкер банктен 14 пайыз көлемінде несие алса, оның жартысына мемлекет тарапынан демеуқаржы бөлінеді. Банк кепілдік сұраса, елу пайыз мөлшерінде кепілдік көрсетіледі. Сондай-ақ шұжық цехын, мал өсіру үшін бордақылау орны секілді өндіріс орнын салса, оған инфрақұрылым жеткізуге, яғни электр жарығы, су, газ тарту ісінде қайтарымсыз көмек беріледі. Бұл іске 606,3 млн. теңге қаралып отыр.