БҚО-да қайтарылған активтер есебінен су құбыры нысандары іске қосылды
ОРАЛ.KAZINFORM – Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында прокуратура органдары қайтарған қаражат есебінен сумен жабдықтау объектілерінің құрылысы бойынша жобалар іске асырылып жатыр.
Қазіргі уақытта Қаратөбе ауданының Алакөл елді мекеніне кентішілік су құбырының құрылысы аяқталды.
БҚО прокуратурасы мәліметінше, салынған су құбырының жалпы ұзындығы 4 километр. Жобаны жүзеге асыру ауданның 700-ден астам тұрғынына сапалы ауыз суға қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Одан бөлек, Қаратөбе ауданының Төлен, Сәуле, Қарақамыс елді мекендеріне ұзындығы 64 шақырым жаңа тармақты төсеу арқылы сумен жабдықтаудың магистральдық жүйелерінің құрылысы жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Павлодар әуежайы қайтарылған активтер есебінен реконструкцияланады.
Қайтарылған активтер есебінен Жетісу облысының тұрғындары ауызсумен қамтамасыз етілді.
Петропавлда қайтарылған активтер есебінен заманауи балабақша ашылды.