БҚО-да кезексіз үй берген бөлім басшысын қызметінен босату ұсынылды
Бөрлі ауданы прокуратурасының ұсынысы негізінде аудан әкімінің орынбасары Қайрат Өтегенов, аудандық экономика және қаржы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, тұрғын үй инспекциясы бөлімдерінің басшылары Гүлнәр Шамғонова, Қуантай Шәріпов, Ольга Басимова, Серік Адлялиев, Алтай Дарисовтың тәртіптік істері талқыға түсті. Мұнда мүгедек спортшы Мәлік Мұқашевқа кезексіз үй берілгені анықталды. Жаңақала ауданында да осындай заңбұзушылық орын алып, бұрыннан үйі бар әкімдік қызметкеріне пәтер берілген. Соған байланысты Жаңақала аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Бейісов қызметінен өз еркімен кеткендіктен, әдеп жөніндегі кеңестің алдына сол бөлімнің бас маманы Асылбек Төлешев, сондай-ақ аудандық экономика және қаржы, сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары Жанат Басирова, Ерлан Әбдіров келді.
Әдеп жөніндегі кеңес мәселені талқылай келе, комиссия хатшысы ретінде шешімді қабылдауға қатыспаған А.Төлешевке қатысты істі қысқартуды жөн деп тапты. Ал Қ.Шәріповті қызметінен босату, қалған мемлекеттік қызметшілерді қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру түріндегі тәртіптік жазаға тарту жөнінде ұсыныс жасады.
Отырыста сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы БҚО бойынша департаментінің ұсынысы бойынша облыстық әділет департаментінің басшысы Алмат Нарқұловтың тәртіптік ісі қаралды. Мұнда аудандық және Орал қаласы әділет басқармалары тарапынан жіберілген қылмыстық іс-әрекеттер жөніндегі деректердің уәкілетті органға уақтылы жіберілмеуі талқыланды. Әдеп жөніндегі кеңес көпшілік дауыспен бұл істі де қысқартты.