БҚО-да киік аулаушылардың ішек-қарынды далаға лақтырып кеткені рас па

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында киік санын реттеу кезінде ауланған жануардың ішек-қарны далада жиналмай жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады. 

киік
Фото: Охотзоопром БҚО филиалы

Жергілікті тұрғындардың сөзіне қарағанда, оқиға 13 шілде күні Тасқала ауданы Ақтау және Атамекен ауылдық округтері арасында таңғы мезгілде болған. 

Бейнежазбада киік сойылғаннан кейін ішек-қарны далада жатқаны, мұның қоршаған ортаны ластайтыны туралы айтылады. 

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының директоры Арман Қожахметов киік ауланғаннан кейін ішек-қарны сол бойда жиналатынын жеткізді. 

БҚО-да киік аулаушылардың ішек-қарынды далаға лақтырып кеткені рас па
Фото: "Охотзоопром" мекемесінен

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың нақтылауынша, бұл ішек-қарындар түнгі аулаудан кейін таңда бір сағаттың ішінде жиналған. 

– Сол уақыт арасында жергілікті малшы түсіріп үлгерген. Батыс Қазақстан облысында киік санын реттеу жұмысы басталғаннан бері 830 бас ақбөкен ауланды, - деді Н.Рахымжанов.

Тасқала ауданы Ақтау ауылдық округінің әкімі Бауыржан Имашев кеше «Охотзоопром» ӨБ» инспекторларымен бірге аралағанын, ішек-қарынның далада жатқанын көрмегенін айтты. 

– Бүгін тарап жатқан бейнежазба бойынша «Охотзоопром» мекемесімен бірге жұмыстанатын боламыз, - деді Б.Имашев.

«Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлері аталған аумақтың киіктің ішек-қарнынан толықтай тазартылғанын хабарлады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда киік санын реттеу жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар