БҚО-да қыстың ішінде ауылда жаяу жүргінші жолы салынған
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында жаяу жүргінші жолының сапасыз салынғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.
Ауыл тұрғынының Instagram әлеуметтік желісінде мәлім еткеніндей, Қ.Майданов көшесінде қыстың қақ ортасында түнде келіп, тротуар салып кеткен.
- Мынау масқара ғой, көктемде шашылып қалады, қалыңдығы 5 сантиметрге жетер-жетпес етіп асфальт салып кеткен. Чапаев ауылындағы барлық көшелерге осылай қардың үстіне әкеліп салып жатыр. Бұл дұрыс емес, ауыл тұрғындары қарсы. Әкімдік, басқа да жауапты органдар қайда қарап отыр? – дейді тұрғын.
Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі Ақжайық ауданы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.
Аудан әкімі Мұрат Сердалиннің берген жауабына қарағанда, Чапаев ауылдық округі әкімдігі аппараты жаяу жүргінші жолын салу бойынша өткізген ашық конкурс нәтижесінде биылғы 14 қазанда «Қазақстан ұйымдастырушылар қоғамы» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз болып танылған.
2018 жылы тіркелген аталған бірлестік өз қызметін Жамбыл облысы мен Шымкент қаласы аумағында атқарады.
Бірлестік 11 қарашада Чапаев ауылында М.Абдолов, Әйтеке би, Қ.Майданов және Жұбан көшелерінде жаяу жүргінші жолын салуға кіріскен.
- 19 желтоқсанда қолайсыз ауа райына байланысты жаяу жүргінші жолының құрылысы тоқтатылды. Орындалған жұмыстар тапсырыс берушімен қабылданған жоқ. Сол күні Чапаев ауылдық округі әкімінің аппараты «Қазақстан ұйымдастырушылар қоғамы» қоғамдық бірлестігін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және одан 0,1 пайыз көлемінде тұрақсыз айыбын өндіру туралы БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берді. Қазіргі кезде ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жағдай бақылауда, - деді М.Сердалин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол салушы компанияның 19,7 млн теңгені бюджетке қайтарғанын жазған болатынбыз.