БҚО-да қызмет бабында қаза тапқан полицейдің отбасына 9 млн теңге өтемақы төленбеген

ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сотында соңғы үш жыл үшін келтірілген зиянды өтеу және асыраушысынан айырылуына байланысты ақшалай төлемдер тағайындау туралы азаматтық іс қаралды.

Түркістан облысында 934 жұмысшыға өтемақыны төленбеген – прокуратура
Фото: Kazinform

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, талапкер сотқа өз құқықтарын, сондай-ақ кәмелетке толмаған екі баланың мүддесін қорғау мақсатында жүгінген.

Сот талқылауы барысында талапкердің жұбайы – полиция капитаны М-ның құқық қорғау органдарында қызмет атқарып, 2018 жылы қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқаны анықталды. Қайғылы оқиғаның салдарынан отбасы асыраушысынан және тұрақты табыс көзінен айырылған.

Сот отырысында жауапкер талап арыз талаптарын толық көлемде мойындады.

Шешім қабылдау кезінде сот ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №1048 қаулысының 4-тармағын басшылыққа алды. Аталған қаулыға сәйкес отбасы мүшелерінің саны үш немесе одан көп болған жағдайда, әрбір отбасы мүшесіне төленетін ақшалай төлем қаза тапқан қызметкердің ақшалай қамтылуының 100 пайызынан тең үлестермен белгіленеді. Алайда барлық отбасы мүшелеріне төленетін жалпы төлем мөлшері 100 пайыздан аспауға тиіс.

Сотқа ұсынылған анықтамаға сәйкес қаза тапқан полиция капитаны М-ның жалақысы 264 444 теңге болған. Аталған нормативтік актінің талаптарына сәйкес, сот бұл соманы үш отбасы мүшесіне бөліп, нәтижесінде әрқайсысына ай сайынғы ақшалай төлем мөлшері 88 148 теңге болып белгіленді.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот талап арызды толық көлемде қанағаттандырды.

Жауапкер мекеме – БҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасынан талапкердің пайдасына 2022 жылғы 19 қарашадан 2025 жылғы 19 қарашаға дейінгі кезең үшін 3 млн 173,328 мың теңге мөлшерінде зиянды өтеу сомасы өндірілді.

Сонымен қатар сот жауапкерді 2025 жылғы 20 қарашадан бастап талапкерге өмір бойына ай сайын 88 148 теңге мөлшерінде ақшалай төлем төлеуге міндеттеді.

Сондай-ақ сот кәмелетке толмаған балалардың мүддесінде әрекет ететін талапкердің пайдасына осыған ұқсас кезең үшін 6 млн 346,656 мың теңге мөлшерінде зиянды өтеу сомасын өндірді.

2025 жылғы 20 қарашадан бастап жауапкер әрбір балаға кәмелетке толғанға дейін ай сайын 88 148 теңгеден төлеуге міндетті.

- Аталған шешім заңнама талаптарын сақтау және қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан құқық қорғау органы қызметкерінің отбасына қатысты әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында қабылданды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын заңсыз қудаланған БҚО тұрғыны 7,7 млн теңге өндіріп алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар