БҚО-да компания мал өлекселері мен қалдықтарын ауыл маңына төгіп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданында «KAZMEAT Ақжайық» компаниясының мал өлекселері мен сойғаннан кейінгі қалдықтарын Янайкин ауылы маңына төгіп жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.

в
Фото: Видеодан алынған скрин

Қоғам белсендісі Алмагүл Иқсанованың Instagram әлеуметтік желісінде жариялағанындай, малдың бас-терісі, сүйектері, ішек-қарны, өлекселері екі үлкен шұңқырға тасталған. Осыған орай ауыл тұрғындары жиналып, өз шағым-тілектерін білдірді.

Янайкин ауылының тұрғыны Ермұхан Ғұбашевтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, мұның бәрі — «KAZMEAT Ақжайық» компаниясының қасапханасынан шыққан қалдықтар. Мал өлекселері де бар, оның неден өлгені белгісіз. 

— Бұл мәселе бойынша ауыл әкімі Сәуле Аққайыроваға жолықтық. Ол компания мал моласын салып біткенше, көктем шыққанша, рұқсатымды бердім дейді. «KAZMEAT Ақжайық» компаниясының директорын да шақыртып, ескерттік. Олай болса мал моласын салып, өртейтін құрылғыларын қойғанша, мал союды тоқтатсын деген талап қойдық. Бұл талабымыз орындалмады, — деді Е.Ғұбашев. 

Тағы бір тұрғын Замир Ғұмаровтың нақтылауынша, мал қалдықтары төгіліп жатқан жер ауылдан шамамен екі шақырымдай жерде. 

— Сасық иістен демалу мүмкін емес. Ертең қар еріп, көктем келгенде не болмақ, ауру тарамай ма? — дейді З.Ғұмаров.

Янайкин ауылдық округінің әкімі Сәуле Аққайырованың түсіндіруінше, мал моласы 0,04 гектар аумақта орналасқан, қоршауы бар. Қалдықтарды төгу үшін «KAZMEAT Ақжайық» ЖШС келісіммен мал моласын 2025 жылдан уақытша пайдаланып келеді. Өйткені кешеннің крематорийі жұмысын биылғы көктемде бастайды. 

— Мал моласы толғаннан кейін компания қаңтар айында соған жақын жерден келіспестен жаңа шұңқыр қазған. Екінші ашық шұңқырды ақпан айында көргеннен кейін кешен басқарушысын шақырып, мал моласын 1 наурызға дейін тиісті ретке келтіруді талап еттім. Бірақ округ тұрғындарының өтінішінен кейін малдәрігерлік инспекция мен санитариялық-эпидемиологиялық станцияға шағым жолданатын болады, — деді С. Аққайырова. 

Бәйтерек ауданы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, тексеру біткеннен кейін жауапты қызметкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады. 

— «KAZMEAT Ақжайық» ЖШС аталған мал моласын биылғы 1 наурызға дейін жоюға міндеттенді. Компанияның мал моласы үшін жер телімі белгіленді. Ол мал моласын ұстау талаптарына сай болуы тиіс. Жағдай бақылауда, — делінген ресми жауапта.

БҚО бойынша экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев аталмыш мәселе бойынша әкімшілік сипаттағы шара қолданылатынын жеткізді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да кен орнында газ алауы жағылып жатыр, бұдан таяудағы ауылға келер қауіп бар ма, соны жазған едік.


Соңғы жаңалықтар
Референдум