БҚО-да қоршаған ортаға елеулі түрде жағымсыз әсер ететін 24 кәсіпорын тіркелген

ОРАЛ. KAZINFORM — Мұнай саласындағы ірі кәсіпорындар шоғырланған Батыс Қазақстан облысы үшін қоршаған ортаны қорғау қашанда өзекті болып отыр.

БҚО-да қоршаған ортаға елеулі түрде жағымсыз әсер ететін 24 кәсіпорын тіркелген
Фото: pixabay.com

БҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегеновтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін нысандар төрт санатқа бөлінеді. 

Сырым Бақтығалиұлының сөзіне қарағанда, біріншісі — қоршаған ортаға елеулі жағымсыз әсер ететін нысандар.

Екіншісі — бірқалыпты, үшіншісі — болмашы, төртіншісі — барынша аз жағымсыз әсер ететін нысандар.

— Батыс Қазақстан облысы аумағында бірінші санатқа жататын 24 кәсіпорын болса, соның ішінде 9-ы — мұнайгаз, төртеуі — коммуналдық, үшеуі — ауыл шаруашылығы, алтауы — өнеркәсіп, жол құрылысы, қызмет көрсету және екеуі минералды өнеркәсіп саласына тиесілі, — деді Сырым Тілегенов.

Оның айтуынша, екінші санатқа жататын 143, үшіншісінде 338, төртіншісінде 1 076 кәсіпорын тіркелген. 

Департамент деректеріне сәйкес биылғы төрт айда бірінші санаттағы нысандарға қоршаған ортаға әсер етуге рұқсат беру жөнінде 2 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Соның ішінде 1 экологиялық рұқсат берілді. Екіншісі бойынша қоса берілген құжаттар ҚР экология заңнамасының талаптарына сәйкес келмегендіктен, рұқсат беруден бас тартылды. 2 өтініш құжаттардың толық болмауы салдарынан қабылданбады.

— Бес ай ішінде 14 нысанға қатысты (2024 жылы осы мерзімде — 48) мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізілді. Тексеру нысанына бармастан, 197 профилактикалық бақылау (80) жасалды. Бақылау нәтижесінде 41 заң бұзу анықталып, оны жою туралы 33 нұсқама (2024 жылы осы мерзімде 171 бұзушылық, 123 нұсқама) берілді. 25 нұсқама орындалса, 8-інің орындау мерзімі біткен жоқ. Заң бұзу бойынша 787,5 млн теңгеге 13 әкімшілік айыппұл (2024 жылы осы мерзімде — 293 млн 384,440 мың теңге, 53 айыппұл) салынды. Соның ішінде қазіргі уақытта 759,8 млн теңгесі (12 әкімшілік айыппұл) мемлекет пайдасына өндірілді, — деді департамент басшысының орынбасары.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда басты экологиялық мәселе қандай екендігін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар