БҚО-да құны 1,2 млрд. астам теңгені құрайтын 124287,6 га 217 жер телімі мемлекетке қайтарылды

ОРАЛ. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 2011-2013 жылдары жүргізілген тексеру кезінде кадастрлық құны 4,6 млрд. астам теңгені құрайтын жалпы көлемі 365492,48 га иесіз және игерілмеген 2344 жер телімі анықталды.

БҚО-да құны 1,2 млрд. астам теңгені құрайтын 124287,6 га 217 жер телімі мемлекетке қайтарылды

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, қазіргі таңда прокурорлық ықпал ету шаралары нәтижесінде құны 1,2 млрд. астам теңгені құрайтын 124287,6 га 217 жер телімі мемлекетке қайтарылды. Оған қоса кадастрлық құны 870 млн. теңгеге жуық 1092 жер телімі (172248,6 га) айналымға енгізіліп, күні бүгін өз мақсатына сәйкес пайдаланылуда.

Сонымен бірге облыста құны 936,4 млн. астам теңгені құрайтын иесіз және игерілмей отырған 1035 жер телімі (88470,5 га) әлі бар.

Биыл жер телімдерін кері қайтаруда тиісті шара алмағаны үшін прокурорлық ықпал ету шаралары бойынша 12 лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу кезінде 15 млн. астам теңге бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылған облыстық жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық істі қаржы полициясы тергеуде.