БҚО-да қылмысты ашу көрсеткіші кісі өлтіру бойынша 13,6, алаяқтық бойынша 24,1 пайызға өсіп отыр

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш департамент басшысы Махамбет Әбисатов, облыс прокурорының орынбасары Бақытберген Қасымбаев қылмысқа байланысты өткір мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, мал ұрлығының 90 пайызы төрт түліктің бағусыз кетуінен, пәтер тонаудың 73 пайызы тұрғын үйдің дұрыс қорғалмауынан болып отыр. Сондай-ақ саяжайлардың 88 пайызы мен гараж кооперативтерінің 56 пайызы күзетілмейді, 142 мың (80 пайыз) автокөлік үшін ақылы тұрақ жоқ. Түнгі қылмыстардың 65 пайызы жарықтандырылмаған жерлерде орын алады.
Өңірде қоғамдық қауіпсіздік саласындағы жолы кесілген құқықбұзушылық 7,5 мыңға немесе 32,1 пайызға көбейіп отыр. Сонымен қатар қылмысты ашу көрсеткіші жоғарылап, ауыр қылмыс бойынша 4,8, аса ауыр қылмыс бойынша 7,4, кісі өлтіру бойынша 13,6, ауыр дене жарақатын салу бойынша 22,7, қарақшылық бойынша 13,0, алаяқтық бойынша 24,1, есірткі қылмысы бойынша 6,5, есірткі сату бойынша 5,0 пайызға өсті.
Мәжіліс барысында қылмыспен күресті күшейту және алдын алу бағытында нақты шаралар белгіленіп, тапсырмалар берілді.