Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО-да қылмыстың 70 пайыздан астамын учаскелік полиция инспекторлары ашып отыр

ОРАЛ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында 2010 жылы учаскелік полиция инспекторлары 1800-ден астам қылмыстың бетін ашты.

БҚО-да қылмыстың 70 пайыздан астамын учаскелік полиция инспекторлары ашып отыр

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен Гүлжан Қанатованың хабарлағанындай, бұл барлық ашылған қылмыстың 70 пайыздан астамын құрайды. Қазіргі таңда өңірде құқық тәртібін бұзуға бейім 7 мыңдай адам сақшылар бақылауында. Атап айтқанда, бұрын сотталған 3170, отбасының шырқын бұзатын 504 адам, сондай-ақ 2500 маскүнем, 614 нашақор, кәмелетке толмаған 658 «жүгермек», 415 қолайсыз отбасы үнемі назарда.

Өткен жылы түзету мекемесінен босаған, шартты мерзімге сотталған, маскүнемдік пен нашақорлыққа салынған, психикалық сырқатқа шалдыққан барлығы 2481 адам есепке алынды.

Облыста жалпы саны 1068 адамның басын қосатын 178 қоғамдық кеңес жұмыс жасайды. Сондай-ақ жергілікті 6 ЖОО-да 146 жас полицияға жәрдемдесіп келеді. Жыл басынан бері 52 жасақ мүшесі ынталандырылса, соның 24-іне 261591 теңге ақшалай сыйлық берілді.

Қазіргі таңда облыста 178 учаскелік полиция пункті жұмыс жасайды, олар 97 автокөлікпен, 162 радиостансамен қамтамасыз етілген.