Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО-да малдәрігерлік стансаларының құрылуына байланысты 500 жұмыс орны ашылмақ

ОРАЛ. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша ҚР заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңға сәйкес әр ауданда малдәрігерлік станса құрылатын болады.

БҚО-да малдәрігерлік стансаларының құрылуына байланысты 500 жұмыс орны ашылмақ

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы малдәрігерлік бөлімінің бастығы Қазбек Ташимовтың айтуынша, заң 10 ақпаннан бастап күшіне енеді. Сондықтан аталмыш мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар барынша тезірек құрылып, наурыздан бастап жұмысқа кірісулері тиіс. Қазіргі кезде барлық ауданда әзірлік жұмыстары қызу жүргізілуде. Кәсіпорынның жарғылық қоры 16,18 млн. теңгеден кем болмауы тиіс. Шаруашылық жүргізуге құқығы бар кәсіпорындар сосын әділет органдарында тіркеледі.

Облыста барлығы 13 малдәрігерлік станса, 160 ауылдық округте учаскелер ашылмақшы. Барлығы 500 жұмыс орны болады. Осыған байланысты кадр іріктеу жұмыстары жүргізілуде.

Мамандардың пікірінше, малдәрігерлік стансалардың құрылуы эпизоотиялық жағдайға оң әсер етеді. Ауылдық жердегі мал дәрігерлері бұрынғыдай тендерді күтіп отырмайды, жыл бойы жұмыс жасайтын болады. Сондай-ақ, қараусыз мал молалары мен соятын орындар да жойылады. Мал моласы енді аталмыш стансалардың қарауына өтеді. Бұралқы ит-мысықты аулау да сол мал дәрігерлерінің мойнында болмақ.