БҚО-да мас күйінде автокөлік айдаған полиция майоры қызметінен қуылды
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласы полиция басқармасының қызметкері, полиция майоры қызметімен қош айтысты.

Аталған қызметкердің мас күйінде автокөлік руліне отырғаны БҚО полиция департаменті жүргізген рейдтік іс-шаралар барысында анықталған.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қызметкер теріс себептер бойынша лауазымынан босатылды.
— Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті бұл орайда қатаң қағиданы ұстанады. Полицияда тәртіп пен заңды бұзуға жол берілмейді. Мұндай әрекеттерге барғандар қатаң және сөзсіз жазаланады, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көлікті мас күйінде жүргізген полиция қызметкерінің жүргізушілік құқығынан айырылғанын жазған едік.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігіне (мас күйінде көлік жүргізу) және 613-бабы 1-бөлігіне (полиция қызметкерлерінің тоқтау талабын орындамау) сәйкес кінәлі деп танылған полиция қызметкері 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды. Оған қоса 157 280 теңге көлемінде айыппұл салынды.