23:31, 02 Мамыр 2017 | GMT +5
БҚО-да медиация арқылы 821 млн. астам теңге өндірілді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талапкер «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның «Жайықжылуқуат» АҚ-дан келісімшарт бойынша тұтынылған газ үшін 821 539 525 теңге берешегін және 5 091 618 теңге тұрақсыздық айыбын өндіру туралы азаматтық істі медиация тәртібімен қысқартты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, істі қарау барысында тараптар жауапкердің талапкерге берешек пен тұрақсыздық айыбын толығымен төлегенін алға тартып, судьядан медиация рәсімін қолдануды өтінді.
Медиация нәтижесінде тараптар бітімгершілік келісімге келіп, оның шарттары бойынша жауапкер берешегін төлеп, ал талапкер осы соманы қабылдай отырып, көрсетілген мәселе бойынша жауапкерге қойған талаптарынан бас тартады.
Сот келісімді «Медиация туралы» ҚР Заңына сәйкес бекітті. Сонымен қатар талапкерге мемлекеттік баж салығын қайтара отырып, Азаматтық іс жүргізу кодексінің 277-бабына сәйкес істі қысқартты.