БҚО-да мектеп бітіруші алты түлек жол-көлік оқиғасынан кейін ауруханаға түсті

БҚО ІІД жол полициясы басқармасының инспекторы Динара Абдуқалықованың айтуынша, алты қыздың біреуі әкесінен Лексус RX 300 автокөлігін сұрап алып, достарымен қыдыруға шыққан. Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолының 10-шақырымында қыз автокөлік руліне ие болмай, машина жолдан шығып кетіп, аударылған. Соның салдарынан түрлі жарақат алған алты қыз аудандық ауруханаға жатқызылды.
Жүргізуші куәлігі жоқ адамға автокөлігін бергені үшін қыздың әкесінің үстінен әкімшілік іс қозғалды.
Мұндай оқиға Жаңақала ауылында бұдан бұрын да орын алған болатын. Әкесінің машинасын айдап кеткен жасөспірім көлігімен үш бірдей қызды соғып, оның екеуі қыршын кетіп, біреуі ауыр жарақат алған еді.
Биыл жыл басынан бері өңірде 170 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 30 адам қаза тауып, 227-сі жарақат алды.