БҚО-да мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтпек болған 28 шетелдік ұсталды
ҚР ҰҚК Шекара қызметі БҚО бойынша департаменті тәрбие идеологиялық жұмыстары басқармасы бастығының міндетін атқарушы, подполковник Дархан Дәрменбеков өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткендей, соның ішінде үшеуі Әзербайжан, сегізі Өзбекстан, жетеуі Пәкістан, біреуі Ресей, екеуі Тәжікстан, екеуі Сомали елінің азаматтары болып шықты. Олардың барлығы сот шешімдерімен жауапкершілікке тартылды.
Дархан Сембекұлының сөзіне қарағанда, биыл оған қоса ҰҚК және полиция департаменттерімен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде заңсыз көші-қон бағыты бойынша 4 канал анықталды. Бұларды Ресей және Қазақстан азаматтары ұйымдастырып, басқарған.
Бұл шекарада заңсыз көші-қонға байланысты өзекті мәселелер бар екендігін көрсетеді. Біріншіден, мемлекеттік шекараны бұзу ойымен жүрген азаматтарға қоса, шекаралық аймақта тұратын кейбір тұрғындардың жеңіл табысқа қызығып, оларға көмектесуі алаңдатпай қоймайды. Өкінішке қарай, шекара аймағындағы жергілікті тұрғындармен алдын алу, ескерту іс-шаралары жүргізілгеніне қарамастан, заңсыз көші-қонға қатысты әрекетке барғысы келген адамдар жоқ емес.
Д. Дәрменбековтің айтуынша, мемлекеттік шекараны бұзушылардың сыбайластарын екі санатқа бөлуге болады. Біріншісі – шекара маңында тұратын жергілікті тұрғындар. Негізінен жеке тасымалдаумен айналысатын таксистер сыйақыға шетелдіктерді мемлекеттік шекарадан заңсыз өткізуге тырысады. Бұл үшін алдын ала дайындалып, жоспар құрады. Кейде уақыт тығыз болса, әзірліксіз жолға шығады.
Екінші санаттағылар – ұйымдастырушылар. Былайша айтқанда, елімізде, сондай-ақ Өзбекстан мен Ресейде тұрақты байланысы бар Қазақстан және шетел азаматтары. Бұлар Өзбекстаннан Ресейге өткісі келетіндерді Қазақстан арқылы әрі асырады. Қазақстанда болған кезінде мұндай мигранттар тұрғын үймен, негізінен жалдамалы пәтермен қамтамасыз етіледі. Жедел органдардың жұмысынан хабары бар ұйымдастырушылар өз қауіпсіздігін ойлап, әрекеттерін бүркемелейді. Олар негізінен шекарадан алыста отырып ұйымдастырады, содан кейін шетелдіктердің шекарадан заңсыз өтуі үшін сол маңда тұратын тұрғындардың көмегіне жүгінеді.
Бұл екі санаттағы азаматтардың басты ойы – жеңіл жолмен баю. Шын мәнісінде мұның қылмыстық қадам екендігін ескере бермейді. Атап айтқанда, ҚР ҚК 394-бабына (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) сәйкес мынадай жауапкершілік қарастырылған:
1. Көлік құралдарын, қолдан жасалған құжаттар, тұрғын немесе өзге де үй-жайды беру, сондай-ақ азаматтарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының аумағы бойынша заңсыз келу, кету, орын ауыстыру үшін өзге де қызметтер көрсету арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастыру мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адам өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып немесе адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаған дәл сол іс-әрекет мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекет мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
«Талдау көрсеткеніндей, мемлекеттік шекараны бұзушылардың 80 пайызы жергілікті тұрғындардың ақпараты негізінде ұсталады. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, ол шекара аймағында орналасқан елді мекендер тұрғындарының қырағылығы мен жауапкершілігі жоғары екендігін көрсетеді. Ал, мемлекеттік шекарадан заңсыз өткісі келгендерге жәрдем беру – ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіру деген сөз. Сондықтан, барлық тұрғындарды шекараны бірлесіп қорғауға шақырамыз. Егер шекарадан заңсыз өтуге әзірліктің куәсі болсаңыз, мына телефон нөмірлеріне хабарласуға болады: 8 7112 98-93-07, 8 7112 98-93-89, 8 7112 98-93-88, 8 7112 98-93-61», - деді Д. Дәрменбеков.