БҚО-да мемлекеттік органдарда 219 жақын туыстың бірге жұмыс істейтіні анықталды

ОРАЛ. KAZINFORM – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті облыстық жергілікті атқарушы органдарда және оларға қарасты ұйымдарда профилактикалық мониторинг жүргізді.

сотрудник офис госслужащий мемлекеттік қызметкер
Фото: Kazinform

Департаменттің бас маманы Райымбек Қайненовтің әдеп жөніндегі кеңестің отырысында мәлім еткеніндей, мониторингтің негізгі мақсаты – ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтау және мемлекеттік органдарға заңнама талаптарын сақтау бойынша тиісті ұсынымдар беру.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтауына жүргізілген мониторинг барысында мемлекеттік органдар мен оларға қарасты ұйымдарда 219 жақын туыстың бірге қызмет атқаратыны анықталды. Бұл ретте жақын туыстардың бір мекемеде немесе ұйымда қызмет атқаруының өзі заңнама талаптарын бұзу болып табылмайды. Негізгі талап – олардың арасында тікелей бағыныстылыққа жол бермеу және мүдделер қақтығысының алдын алу.

- Мониторинг барысында жекелеген жағдайларда осы талаптар қосымша зерделенді. Мәселен, Бөкей ордасы аудандық білім беру бөлімінде бөлім басшысы мен әдістемелік кабинет әдіскерінің арасында туыстық байланыс, ал Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында директор мен әдістемелік бөлім меңгерушісі арасында ерлі-зайыптылық қатынас бары анықталды. Аталған деректер бойынша заңнама талаптарын сақтау тұрғысынан тиісті профилактикалық және түсіндіру шаралары қабылданды, - деді Р.Қайненов.

Бас маманның айтуынша, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңнамада жақын туыстардың тікелей бағыныстылығына жол берілмейтіні белгіленген. Бұл талап кадрлық шешімдердің объективтілігін қамтамасыз етуге және ықтимал мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған.

Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне профилактикалық мониторинг жүргізілді. Оның барысында жекелеген сатып алуларды жоспарлау кезінде қолданыстағы емес нормативтік құқықтық актілерге сілтеме жасау, сондай-ақ сатып алу қажеттілігі мен бюджет қаражатын пайдалану негізділігін қосымша қарауды қажет ететін жағдайлар анықталды.

Департамент мәліметіне сәйкес мониторинг нәтижесінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тиісті ұсынымдар беріліп, жалпы құны шамамен 100 млн теңгені құрайтын жекелеген мемлекеттік сатып алу рәсімдерін қайта қарау және тоқтату бойынша шаралар қабылданды. Мысалы, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Круглоозерный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 8 млн 448,160 мың теңге сомасында жанар-жағармай сатып алуды жоспарлау мәселесі қаралды. Сатып алуды жоспарлау кезінде маусымдық қажеттілік пен бюджет қаражатын пайдалану негізділігіне қосымша баға беру қажеттілігі туындады. Департаменттің профилактикалық шаралары нәтижесінде аталған сатып алу рәсімі тоқтатылып, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесі қайта қаралды.

Жалпы, жүргізілген мониторинг мемлекеттік сатып алуды жоспарлау кезінде нақты қажеттілікті, бюджет қаражатын пайдалану негізділігін және қолданылатын нормативтік құқықтық актілердің қолданыста болуын алдын ала тексерудің маңыздылығын көрсетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қызметтік көліктердің жылдамдық асыру деректері көбейгенін жазған едік.