БҚО-да мемлекеттік сатып алу барысында заң бұзған компанияға 15,5 млн теңге айыппұл салынды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында нарықтағы үстем жағдайды теріс пайдаланған, бәсекелестікке қарсы әрекеттерге жол берген компанияларға қатысты тиісті шаралар қабылданды.

айыппұл
Фото: freepik.com

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Сағындық Ерғалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, «Құрылысинвест НС» ЖШС-ға қатысты жүргізілген тергеп-тексеру аяғына дейін жеткізілген.

Сағындық Ғұбайдоллаұлының сөзіне қарағанда, аталған компания мемлекеттік сатып алу кезінде басқа қатысушымен заңсыз келісімге келіп, өнім жеткізушіні анықтауда бәсекелестік күресті толықтай жойған. 

— Ұзаққа созылған талқыдан кейін сот 2025 жылдың маусымында «Құрылысинвест НС» компаниясына монополиялық табысты тәркілеумен бірге 15,5 млн теңге әкімшілік айыппұл салды. Сонымен қатар жыл басынан бері монополияға қарсы органға заңмен бекітілген тәртіпте хабарлама бермегені үшін «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС 3,1 млн теңге, «Байстон» ЖШС 258 мың теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді С. Ерғалиев.

Оның айтуынша, қазіргі кезде «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС қызметінде авиакеросинге монополиялық жоғары баға қою дерегінің бар-жоқтығына қатысты тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Соның қорытындысына сәйкес бұзушылық анықталған жағдайда монополияға қарсы ден қою шаралары қабылданады. 

Департамент мәліметтеріне сәйкес нарықтағы үстем жағдайды теріс пайдаланған, сондай-ақ жосықсыз бәсекелестікке жол берген басқа да компанияларға тиісті шаралар қолданылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тендер өткізу кезінде бәсекелестікке қарсы әрекетке жол берілгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар