БҚО-да мемлекеттік сатып алу заңын бұзған шенеунікке айыппұл салынды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбыловтың мемлекеттік сатып алу заңын бұзғаны белгілі болды. 

БҚО-да мемлекеттік сатып алу заңын бұзған шенеунікке айыппұл салынды
Фото: Pexels

Заңгер, БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ахметжанның мәлім еткеніндей, аудандық білім беру бөлімі мен «ЖайыкПромСервис» ЖШС өткен жылы 23 қыркүйекте Бұлан ауылы туризм орталығын ағымдағы жөндеуге шарт жасаған. 

Жоба құны — 21 млн 362,994 мың теңге. Өткен жылғы 7 қарашадағы актіге сәйкес жұмыс толық аяқталып, ол үшін 21,3 млн теңге аударылған.

Алайда БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мәліметіне сәйкес «Мемлекеттік сатып алу» заңының 17-бабы бұзылып, мердігерге жұмыстарды мерзімінде орындамағаны үшін 918,5 мың теңге өсімпұл есептелінді. Ал білім беру бөлімі орындалмаған жұмысқа 901,1 мың теңге төлеген. Анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама берілді. Аудандық білім беру бөлімі бұл нұсқаманы орындамағандықтан, мекеме басшысы Ә.Жамбыловқа «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 462-бабы 3-тармағымен хаттама толтырылып, Сырым аудандық сотына жолданды. Қазір бұл іс сотта қаралып жатыр.

Мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінбегені үшін аталмыш кодекстің 207-бабы 10-2-тармағымен Ә.Жамбылов кінәлі деп танылып, 64 875 теңге айыппұл төледі. 

Сонымен қатар Сырым аудандық білім беру бөлімі мен «S.INSIGHT» ЖШС арасында «Блок-модульдік қазандықты орнату» туралы 2025 жылғы 28 қарашадағы шартқа сәйкес 25,2 млн теңге төлем жасалған. Аудитпен тауардың техникалық ерекшелігі ішінара сәйкес келмейтіндігі анықталды. Әйтсе де бөлім сотқа «S.INSIGHT» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арыз бермеген. Осы дерек бойынша да Ә.Жамбыловқа 64 875 теңге айыппұл салынды.

— Осылайша, аталған бөлім басшысы мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзудың екі дерегі бойынша барлығы 129 750 теңге айыппұл төледі. Бұл «Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан қоғамдық бақылаудың нәтижесі дер едім, — деді Б.Ахметжан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауыл тұрғындары жайылып жер жоқтығын айтып шағымданғанын жазған едік