БҚО-да мемлекеттік тапсырыс аясында жеке мектептерді қаржыландыру мәселесі шешілді ме

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында жеке мектептердің құрылтайшылары жиналып, мемлекеттік тапсырыс аясында төленуі тиіс қаражаттың кешіктіріліп отырғанын мәлімдеді.

жаңа мектеп
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Онда дер кезінде айлық алмауы салдарынан педагогтардың ереуілге шығуы мүмкін екендігі айтылды. 

Осыған орай БҚО білім басқармасынан түскен жауапта мәлім етілгеніндей, 2025 жылдың қаңтарынан бастап жеке мектептердегі мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыру тетігі өзгерді: қаржыландыру жөніндегі өкілеттіктер жергілікті атқарушы органдарға берілді. 

Жаңартылған жүйе аясында Батыс Қазақстан облысындағы жеке мектептер қолданыстағы нормативтер мен заңнамаға сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысын алуды жалғастырып келеді. 2025–2026 оқу жылынан бастап өңірде «Жеке білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың жаңа механизмі» пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы 6 қарашадағы №251 бірлескен бұйрығымен және БҚО әкімдігінің 2025 жылғы 10 қарашадағы №241 қаулысымен бекітілген.

Ұлттық білім беру деректер базасының (ҰБДБ) мәліметтері бойынша 2025 жылдың қыркүйегінен бастап облыста 15 жеке мектеп жұмыс істейді, оның 11-і 2 538 оқушыға мемлекеттік тапсырыс алады.

Басқарма деректеріне қарағанда, мемлекеттік білім беру тапсырысы биыл үш транш арқылы 1 млрд 508 млн теңге көлемінде қаржыландырылады.

Бірінші транш — 775 млн теңге, соның 505 млн теңгесі – республикалық, 250 млн теңгесі жергілікті бюджеттен.

Бұл қаражат 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларындағы шығындарды өтеуге бағытталды.

Екінші транш — 230 млн теңге. Жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаражат қыркүйек-қазан айларындағы мемлекеттік тапсырысты қаржыландыруға арналған.

Бұл транштың төленуі пилоттық жобаның тек 2025 жылдың қараша айында бекітілуіне байланысты кідірді. Кеш бекіту деректерді цифрлау және LMS жүйесіне интеграциялау барысында техникалық қателіктерге әкелді.

Қазіргі уақытта техникалық жұмыстар толық аяқталды. «E-QAZYNA» порталында конкурс өткізілді. Жеке мектептермен шарттар жасалып, қаржыландыру басталды.

Үшінші транш — 503 млн теңге. Жергілікті бюджет қаржысы қараша-желтоқсан айларындағы шығындарды толық өтеуді қамтамасыз етеді.

- Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында жеке мектептерді мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында қаржыландыру бойынша қиындықтар жоқ. Қажетті қаражат толық көлемде бөлінді, конкурс процедуралары жүргізілді, ал пилоттық жобаны енгізу кезіндегі техникалық мәселелер шешімін тапты. Жаңа тетік жеке білім беру ұйымдарын қаржыландырудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған, - делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауыл балалары тозығы жеткен мектепте білім алып жүргенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар