БҚО-да монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін «Aqjaiyq» ӘКК-ға айыппұл салынды
ОРАЛ. KAZINFORM – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің БҚО бойынша департаменті бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-на қатысты бір тергеп-тексеру жүргізді.

Департамент басшысы Салауат Уахитовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, тергеп-тексеру нәтижелері бойынша аталмыш мекеме тарапынан ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында көзделген монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілері анықталды.
Салауат Дәуітұлының сөзіне қарағанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 163-бабы 1-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылып, лауазымды тұлғаға 589 800 теңге мөлшерінде қысқартылған тәртіппен әкімшілік айыппұл салынды.
– Сонымен қатар тергеп-тексеру нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы аталған мекемеге нұсқама жолданды, - деді С.Уахитов.
Оның айтуынша, биылғы үш айда департамент тауар нарықтарындағы бәсекелестік жағдайына жанар-жағар май материалдарын көтерме және бөлшек сату, нан өндіру және сату, авиаотынды көтерме және бөлшек сату, тауық етін өндіру және көтерме сату бойынша бес талдау жүргізген. Талдау нәтижесі бойынша нарықтарды демонополизациялау жөнінде тиісті ұсынымдар берілді.
Сол секілді «Жұмсақ құқық» тетігін қолдану аясында, кәсіпкерлік қызметке араласудан аулақ бола отырып, жыл басынан бері лифт компаниялары — «VTL Плюс» ЖШС, «Комфорт Сервис Плюс» ЖШС, «Метаком Комфорт Плюс» ЖШС-ға ҚР КК 174-бабының 2) және 11) тармақшаларына сәйкес домофон кілттерін сату кезінде әр түрлі баға қолданғаны үшін 3 хабарлама жолданды. Бүгінгі таңда барлық хабарлама толық көлемде орындалды.
– Оған қоса биылғы бірінші тоқсанда мониторинг нәтижесінде бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес келмейтін немесе антимонополиялық органмен келісілмеген қызмет түрлерін жүзеге асырған 3 квазимемлекеттік сектор субъектісі анықталды. Осыған байланысты 3 мемлекеттік кәсіпорынға ҚР бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар енгізілді. Бұл нұсқамалар қазіргі уақытта орындалу сатысында, - деді департамент басшысы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда құны 5,3 астам теңгеге бағаланған екі конкурстың күші жойылғанын жазған болатынбыз.