БҚО-да «Нұр Отан» партиясының үздік бастауыш ұйымы анықталды (ФОТО)

Онда «Нұр Отан» партиясының аудандық және қалалық филиалдарынан іріктеліп келген 25 бастауыш партия ұйымы бақ сынады. Олардың қызметі партиялық жобаларды жүзеге асыруға қатысу, ішкіпартиялық жұмыс, жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалану, азаматтық бастамаларды іске асыру, БАҚ-та жариялануы, жастармен жұмыс, бастауыш партия ұйымы жетекшісін бағалау бойынша сарапқа салынды.
Комиссия төрағасы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің айтуынша, мұндай байқау елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қазіргі уақытта бастауыш партия ұйымдарының белсенді де жанды жұмыстарына ерекше маңыз берілуде. Олардың партияның бағдарламалық құжаттарын орындау бағытындағы істері бағаланды. Сонымен қатар бастауыш ұйымдарға жан-жақты қолдау көрсету, оларды түрлі керек-жарақтармен қамту мәселесі де ұмыт қалмай, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады.
Облыстық байқау қорытындысында мүшелері 100-ге дейінгі ұйымдар арасында «Отан» бастауыш партия ұйымы (Бөрлі ауданы) жеңімпаз атанса, «Мәстексай» (Жаңақала) мен «Қазақтелеком» екінші-үшінші жүлделерді бөлісті. Мүшелері 100-ден көп ұйымдардан «Қошанкөл» (Қазталов) жеңіс тұғырына көтерілсе, «Мерей» (Ақжайық) мен «Ақоба» (Жәнібек) екінші-үшінші орынды иеленді.
Сайыстың қос жеңімпазы қараша-желтоқсанда Астанада өтетін республикалық байқауға жолдама алды.