БҚО-да өңір әкімінің қатысуымен ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХІІІ көшпелі отырысы өтті

Онда алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, Батыс Қазақстанда 160 мыңға жуық жастар болса, оның 80 мыңдайы ауылдық жерлерде. Жастар түрлі қиындықтарға қарамастан, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Оған облыстағы 74 жастар ұйымының ішінен 50 ұйымның белсенді жұмыс жасауы мысал бола алады. «Ұрпақтар сабақтастығы жақсы қалыптасқан деп айта аламын. Ел дамуына үлесін қосқан ағалардың ісін жалғастыру біздің де міндетіміз. Ал, Қазақстанның әлеуметтік қауымдастықта алатын орнын көрсету - болашақ жастардың қолында»,- деді әкім.
Шара барысында жастар саясатын тиімді жүзеге асыру, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыссыздар санын азайту, жастар арасындағы кәсіпкерлікті қолдау, шығармашылық жастардың потенциалын арттыру, білікті кадрларды шетелдерден тәжірибе алмастыру үшін оқыту, жетімдер мен мүгедектердің мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің жауапты хатшысы Салауат Дембай «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын түсіндірді. Оның айтуынша, аталған бағдарламада 2015 жылға дейін ҚТҮҚЖБ бойынша жыл сайынғы тұрғын үй құрылысы көлемін 530 мың шаршы метр немесе 6,5 мың пәтерден асыру жоспарланған (соның ішінде барлық санаттарға - 330 мың шаршы метр немесе 3,5 мың пәтер, жас отбасыларға 200 мың шаршы метр немесе 30 мың пәтер). Ең басым бағыттардың бірі - ипотекалық несиелеуді дамыту. Осы бағыттағы құрылыс «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-мен іске асырылады.
Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстары әкімдерінің орынбасарлары өз өңірлерінде жастар арасында іске асырылып жатқан «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» және т.б. бағдарламалардың жүзеге асырылуына тоқталды. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен жастар саясатын жүзеге асыру үшін бөлінетін қаржының көлемі жыл сайын артып келетінін айтты.
«Мәселен, осы салаға 2010 жылы облыс бойынша 71,82 млн. теңге қаражат бөлінсе, 2011 жылы - 78,4 млн. теңге, ал 2012 жылы бұл сома 76,2 млн. теңгені құрады. Соның ішінде 45,4 млн. теңге облыстық бюджеттен, 30,8 млн. теңге аудандық және Орал қаласының бюджеттерінен бөлінді. Айтып кететін жәйт, облыстың барлық аудандарында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған шараларды өткізуге өз бюджеттерінен қаражат бөлу мәселесі толығымен шешілді. Облыс жастары арасындағы өзекті мәселелердің бірі - теріс бағыттағы діни ағымдар. Осы бағытта облыстық ішкі саясат басқармасы, БҚО дін істер департаменті және БҚО жастар мәселелері жөніндегі басқармасы бірлесіп жастар арасында дәстүрлі діндердің негіздерін түсіндіру және насихаттау бойынша жұмыстануда. Осы орайда барлық санаттағы жастарды қамтитын нақты іс-шаралар жоспары жасақталды», - деді Серік Кенжебекұлы.