Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО-да өңірдің үздік тауар өндірушілері марапатталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен «Қазақстанның үздік тауары — 2026» өңірлік көрме-байқауы өтті. 

БҚО-да өңірдің үздік тауар өндірушілері марапатталды
Фото: БҚО әкімдігі

БҚО әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мақсат — жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, өнім сапасын арттыру. Биылғы бәсекеде 42 кәсіпорын 3 аталым бойынша бақ сынады.

БҚО-да өңірдің үздік тауар өндірушілері марапатталды
Фото: БҚО әкімдігі

20 жылға жуық уақыт ішінде байқау отандық өндірушілерді ынталандырып, ісін ілгерілетуге тың серпін беріп келеді. Бұл жолы да көрмеге жергілікті кәсіпорындардың тамақ өнімдері, күрделі өнеркәсіптік және тұрмыстық құрал-жабдықтар қойылды.

БҚО-да өңірдің үздік тауар өндірушілері марапатталды
Фото: БҚО әкімдігі

Салтанатты іс-шарада сөз алған аймақ басшысы бәсекеге қабілетті өнім шығарып, сапалы қызмет көрсету еліміздің өркендеуіне нақты іспен үлес қосу екенін атап өтті.

— Мықты әрі бәсекеге қабілетті бизнес — мемлекеттің басты тірегі. Өңіріміз өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі жағынан елімізде төртінші орынды иеленіп отыр. 2026 жылдың алғашқы 5 айында өнеркәсіп көлемі 1,7 триллион теңгеге жетсе, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетті. Жалпы, аймаққа тартылған инвестицияның 49%-ы дәл осы өнеркәсіп саласына бағытталған. Президент тапсырмалары аясында бизнеске қолайлы жағдай жасау, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау шаралары жүйелі жалғаса береді, — деді Нариман Төреғалиев.

БҚО-да өңірдің үздік тауар өндірушілері марапатталды
Фото: БҚО әкімдігі

Байқау қорытындысында «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Конденсат» АҚ және «QazExpoCentre-Pipe» ЖШС, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша «Меко» ЖК, «Оқжетпес life» ҚБ, «Имар» ЖК, «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ, «Қаз-ақбас» ЖШС, «Маканова» ЖК үздік деп танылып, қаржылай сыйлыққа ие болды.

БҚО-да өңірдің үздік тауар өндірушілері марапатталды
Фото: БҚО әкімдігі

Айта кетейік, жеңімпаздар күзде Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде бақ сынайды.