БҚО-да өте ірі мөлшерде есірткі сатпақшы болған төрт қылмыскерге қатысты үкім шығарылды
ОРАЛ. 19 маусым. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өте ірі мөлшерде есірткі затын сатпақшы болған төрт қылмыскерге қатысты үкім шығарды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен Айжан Қапулованың хабарлағанындай, 2011 жылдың қыркүйек айында бұрын сотталған Ж. жеңіл жолмен ақша табу мақсатында қылмыстық топ құрған. Ол топтың құрамына бұрын жазасын бірге өтеген Орал қаласының тұрғыны, сонымен қатар әскер қатарында өзімен бірге болған Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны және Алматы облысы Абай ауылының тұрғыны болып келетін танысын шақырған. Бірнеше күннің ішінде оңай олжаға бату жоспары Ж-ның достарының көңілдерінен шыққан.
Күні бұрын ойластырылған жоспар бойынша аталған төрттік Жамбыл облысының Шу стансасында кездескен. Осы жерде олар 54 килограмм «кептірілген марихуана» есірткі затын иемденіп, полиэтилен орамаларына бөліп, скотч лентасымен орап әзірлеп, такси көлігімен жолға шыққан. Әрдайым жеке басының қауіпсіздігін ойлап отырған топ басшысы жүкпен бірге достарын жіберіп, өзі басқа көлікпен кеткен. Шымкент қаласында кездесіп, демалып, әрі қарай жүкті Орал қаласына жеткізу амалын ойластырған. Күдік тудырмау үшін үшеуі поезбен Атырау қаласы арқылы баратын болып, ал Ж. темір жолмен тікелей Орал қаласына жол тартуға сөз байласқан. Ж. достарына келгеннен кейін, өте бағалы затты Орал қаласына жеткізгендері үшін жеңіл автокөлік сыйлауға уәде берген.
Бірақ Орал қаласына келгеннен соң оларды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері күтіп алды. Атырау қаласынан келген көліктің жүксалғышынан есірткінің барлық партиясы алынды.
БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты барлық сотталушыларды ҚР ҚК 259-бабы, 3-бөлімінің «а, в» тармақтары бойынша кінәлі деп тапты. Сот топтың басшысы Ж-ны қылмысты қайталап жасаған аса қауіпті қылмыскер деп танып, 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын ерекше режимдегі колонияда өтеуге соттады.
Топтың қалған мүшелеріне де тиісінше жаза тағайындалып, 11 жылдан 12 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.