БҚО-да өткен айда қалыпты жағдайдан 2-3,5 есе артық ылғал түскен
ОРАЛ. 4 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында қыркүйек айы жаңбырдың жиі жаууымен ерекшеленді.
«Қазгидромет» РМК облыстық орталығы мамандарының айтуынша, өткен айда облыс аумағына 28-89 мм ылғал түскен. Бұл қалыпты жағдайдағыдан 2,0-3,5 есеге артық. Әсіресе, Жалпақталда ылғал әдеттегіден 3 есе, Тасқалада 3,5 есе мол түскен.
Бір айдан астам уақытқа созылған жаңбырлы маусым күзгі жиын-терін, қысқа әзірлік жұмыстарына кесірін тигізіп отыр. Диқандар егін оруды аяқтай алмай, бір қиналса, шаруалар шөбін таси алмай әлек. Сондай-ақ қатқыл табанды жолы жоқ оңтүстік аудандармен қатынас тіпті қиындап кетті.
Аталмыш мекеменің ауа райын болжау бөлімінің бастығы Татьяна Шиллингтің сөзіне қарағанда, 7-13 қазан аралығы жауын-шашынсыз, күн қабағы ашылады деп күтілуде.