БҚО-да полицейлер толғағы қысқан әйелді перзентханаға жедел жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Оқиға 2 қыркүйек күні таңғы сағат 6:30 шамасында Подстепное ауылының маңында болған, деп хабарлайды Polisia.kz.

Беременные жүкті әйелдер
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Қызмет барысында патрульдік полиция инспекторлары Рысбек Ағзамов пен Ринат Бигалиевке көлік жүргізушісі жүгініп, жүкті әйелін ауруханаға алып бара жатқанын, жұбайының толғағы басталғанын айтқан.

Жағдайды бірден бағалаған полицейлер уақыт жоғалтпай, ерлі-зайыптыға көмек көрсету туралы шешім қабылдаған. Олар көлікке ілесіп, перзентханаға дейін жол бастап барған.

Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті мен кәсіби шеберлігінің арқасында ерлі-зайыпты медициналық мекемеге қысқа уақытта жеткен. Көп ұзамай әйел аман-есен сәбиін дүниеге әкелді.

Кейін жас әке полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, хат жолдаған.

— Сол сәтте әр минуттың маңызы зор болды. Полиция қызметкерлері жағдайды бірден түсініп, бізге көмек көрсетті. Олардың жедел әрекетінің арқасында ауруханаға уақытында жеттік. Кәсібилігі, бейжай қарамай, адамгершілік танытқаны үшін оларға зор алғысымызды білдіргіміз келеді. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз, — деп жазды ол өз хатында.

Бұл оқиға полиция қызметкерлерінің кез келген жағдайда азаматтарға жедел көмек көрсетуге дайын екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Бұған дейін БҚО-да 14 жастағы қыздың жүкті болуына байланысты тергеу жүргізіліп жатқанын жазғанбыз.